Астанада биыл 200-ге жуық мектеп оқушысы жұмысшы мамандығы бойынша диплом алады. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлап отыр.
2023 жылы техникалық және кәсіптік білім беруде колледждер базасында жоғары класс оқушыларының кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында пилоттық жоба іске қосылған. Онда таңертең мектепте сабақ оқитын оқушы түстен кейін қайта кәсіби білім беретін арнайы оқу орынына барып білім алады. Бағдарламаның ерекшелігі жоғарғы класс оқушысы мектепте білім алумен қатар бір мамандықты игеріп, оқуды бітіргеннен кейін атестатпен қоса диплом алады.
Оқу жүктемесінің мөлшері күніне төрт сағаттан аспайды. Білім алу үшін оқу уақытының көлемі кемінде 48 кредитті құрауға тиіс. Оқу мерзімі – бір жыл бес ай.
Пилоттық жоба аясында елордада үш мемлекеттік колледж таңдап алынды. Бүгінде 156 оқушы «Автокөлік құралдарына техникалық қызмет көрсетіп жөндеу және пайдалану», «Тігін өндірісі және киім дизайны», «Аспазшы» мамандықтарын оқып, практикалық тәжірибеден өтіп жатыр. Биыл мамыр айында жобаның алғашқы білім алушыларына колледж дипломы табысталады.
Астана қаласының білім басқармасы, колледж және мектеп әкімшілігі, ата-аналар әр ай сайын балалардың оқу үлгеріміне бақылау жасау мақсатында мониториң жүргізеді.