Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Бірыңғай грант операторы 2025 жылға арналған үкіметтік емес ұйымдарға грант беру байқауын жариялады.
Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Байқаудың мақсаты – азаматтық бастамаларды қолдау және азаматтық қоғам институттарын әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді шешуге тарту, — делінген хабарламада.
Байқау аясында үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) екі әлеуметтік сала – «Жастар саясатын және балалар бастамаларын қолдау» және «Отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге жәрдемдесу» бойынша жобаларды ұсына алады.
Грант тоғыз басым бағытты қамтиды:
- Құқық бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділікті насихаттау.
- Қаржылық сауаттылықты арттыру және жастар арасындағы несиеге тәуелдіктің алдын алу.
- Қылмыстық жазасын өтеген жастарды оңалту және бейімдеу.
- Лудоманияның (ойынға тәуелділік) алдын алу.
- Нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы күрес.
- Жастарды азаматтық-патриоттық тәрбиелеу.
- Отбасын қолдау орталықтарына арналған онлайн-психологиялық қызмет ұйымдастыру.
- Медиа арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу.
- Отбасылық және дәстүрлі құндылықтарды насихаттау, балалар тәрбиесіне ата-аналардың жауапкершілігін арттыру.
Толық ақпарат пен құжаттаманы cisc.kz сайтынан қарауға болады.