Басты бетЖаңалықтарАлматыда трансұлттық...

Алматыда трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері сотталды

Алматыда трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Polisia.kz хабарлап отыр.

2023 жылы синтетикалық есірткіні өнеркәсіптік ауқымда өндіруді жоспарлаған трансұлттық қылмыстық топ ұсталған болатын. Олар Қазақстанда бірнеше есірткі зертханаларын құрып үлгерді. Ал прекурсорлар мен жабдықтарды тасымалдауды, соның ішінде шекарадан өтуді құрылыс материалдары мен тұрмыстық химия атын жамылған логистикалық компания жүзеге асырған.

Полиция прекурсорлардың контрабандасымен айналысқан үш шетелдікті ұстады. Артынан қалған айыпталушылар – көрші елдің екі азаматы мен Қазақстан азаматы құрықталды. Олардан мефедрон мен шет мемлекеттің құқық қорғау органы қызметкерінің жалған куәлігі тәркіленді.

Ал жалға алынған қоймаларды тінту кезінде психоактивті заттарды синтездеуге арналған 1 160 бөшке әртүрлі прекурсорлар, «синтетика» өндіруге арналған жеті қорап арнайы зертханалық жабдық, екі реактор және бес химиялық құрал-жабдық табылды. Тәркіленген прекурсорлардың жалпы көлемі шамамен 72,7 тоннаны құрады. Осылайша 8 тонна синтетикалық есірткінің өндірісіне тосқауыл қойылды. Бұл, шамамен, 8 миллион бір реттік дозаға тең.

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың төрт мүшесі кінәлі деп танылып, 10 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.