Жазушы Мұхтар Мағауин қайтыс болды. Бұл хабарды жазушының ұлы Едіге Мағауин жеткізіп отыр.
Мұхтар Мағауин 1940 жылғы 2 ақпанда бұрынғы Абай облысының Шұбартау ауданында дүниеге келген. Жазушының «Қобыз сарыны», «Көк мұнар», «Аласапыран», «Мен», «Жармақ» шығармалары көпшілікке таныс. Назарларыңызға Мұхтар Мағауиннің өмірінің әр кезеңінде айтқан ой-пікірлері мен толғамдарын ұсынамыз.
Мен… Кіммін? Ешкім білмейді. Өз ұғымым да бұлдыр. Анық ақиқаты: тегім – кісі, дінім – ислам, нәсілім – түрік, ұлтым – қазақ, ұраным – Алаш, есімім – Мұхтар, сойым – Мағауин.
Совет адамы болғаным жоқ.
Жақсы адам жаман жазушы болуы мүмкін, бірақ жаман адам жақсы жазушы бола алмайды.
Адамға жанашырлығы мол, табиғатқа жақын, қиялы бай адамның бәрі жазушы болып кетпейді, бірақ осы үш қасиеттің екеуі емес, біреуінен ғана махрұм кісіде қаламгерлік қабылет атымен жоқ екені күмән туғызбаса керек.
Мен бұрын ең тәуір әңгімем «Салах-ад-Диннің үкімі» деп санайтын едім, бұл — бір өзгеше, мағынасы мол әңгіме. Онан кейін «Құмырсқа қырғынды» бірінші орынға шығардым. «Құждың жілігі» таңдама он-он бес әңгіменің тобында. Менің әңгімелерім толық үш том болды. Әрқайсы жиырма бес баспа табақтан. Қазақта менен көп әңгіме жазған адам жоқ.
Абай атам жөнінде жаман айта алмаймын, Әуезов жөнінде жаман айта алмаймын, Әбіш жөнінде жаман айта алмаймын.
Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын.
Біздің ерлеріміз, балпылдап бос жүріп, сол әйелге кінә қойғысы келеді. Қазақ осы жолғы жұттан аман шықса, бұл – елдің, әуелі қазақ әйелінің арқасы болмақ.
Өткен адам қашанда сенің өміріңнің де үлкен бір бөлігін өзімен бірге әкетпек.
«Дін – апиын» деген. Сол дұрыс сөз. Апиын аз қолданса – ем, көп қолданса – ауру. Мен солай ұғынамын. 19-ғасырдағы қазақтың зиялылары, оқығандары неге қарсы күресті? Отарлыққа қарсы әрекет жасап, дінге қарсы күресті. Дін деген – қараңғылық. Әсіредіншілдіктің түкке керегі жоқ. Мәдениет пен ғылым-білімге жеткізетін дін емес, мешіт емес, мектеп.
«Мұсылман діні күшейіп келе жатыр» деп қуанып едік, бұл жаңа ағым қазаққа жау болып шықты. Өйткені олар қазақтың салт-дәстүріне қарсы, тіпті Құран қалыптастырған діни терминдерді бұзды. Қазақ бұрын «шариғат» дейтін еді бұлар «шарият» деді, Алланы – Аллах дейді, арабшаның өзінде Аллах емес екен. Олар айтса керек еді: «Ұлттың тілін сақтаңдар, әдепті болыңдар, ата-ананы сыйлаңдар», – деп. Бұларда ол жоқ, барлық насихат қазаққа қарсы: «Келін ата-енеге иіліп сәлем салмауы керек, Аллаға ғана иілуі керек», – дейді. Келін ата-енеге ғана емес, жасы үлкеннің бәріне иіліп сәлем береді. Аруақ жоқ дейді, аруақ жоқ болса, қазақ та жоқ.
Я скромностью не отличаюсь.
Ойлай берсең, бәрі уайым.
Баяғыда, жалғыз-ақ күнде бүкіл қазақ Совет саясатының қыр-сырын ұғынып еді. Жаңа-Өзендегі қасап қырғын одан асып түсті. «Тәуелсіздік мерекесінің шырқын бұзды!..» дейді ғой. Шын тәуелсіздік күні алда. Сол кезде шындап тойлаймыз.
Әлемде нешетүрлі патша болды. Данышпан, қолбасшы, саясаткер, ақымақ, психикалық ауру патшалар болды. Бірақ халқын ел, жерімен қоса сатып жіберген патша бізде ғана болды. Қазақтың рухын жаныштады, тоздырды, бүкіл жан дүниесін жоққа айналдырды.
Үкімет сөйлемейді екен деп, мен қазақтың тілінде жазбай қоямын ба?
Біздің билік қазақтың мүддесімен санасып отырған жоқ. Қазақтық сана атымен жоқ. Бұлар отырған орындарын тек жем жейтін астау деп қарайды. Содан соң қазақпен санасып қайтсын?! Біздің билік орыстан, шешеннен, ұйғырдан, тәжіктен қорқады, қазақтан ғана қорықпайды. Қазақтың арқасында министр, президент болып отырғанын ойламайды да.
Шын ұлтшылдың ең үлкен қасиеті – адамгершілік санадан, өзін өзі және адам атаулыны сыйлаудан басталса керек.
Біздің шалағай қазақ әдебиеттану ғылымында ұрлық ең басты бағдарға айналған. Сәтімен әлдеқалай бір жаңалық ашсаңыз, қалған ғұмырыңыз соның өзіңізге тиесілі екенін дәлелдеумен тозбақ.
Өткен ғасырдағы саяхатшылардың бәрі: «Қазақтар балаларын кенеусіз жақсы көреді, сұмдық еркелетеді», деп жазған. Ал қазір балаларды ұрады, соғады, былтыр-ау деймін, бір әйел төрт жасар баласын оқтаумен ұрып өлтірді. Бұл – халықтың азғанын, тұрмыста ғана емес, рухани да дағдарысқа ұшырағанын көрсететін нәрсе. Мен осы туралы көп ойланамын…
«Адам қартайғанда бір бала» деген сөз мінез-құлыққа, жүріс-тұрысқа ғана орай айтылмаса керек. Кімнің кім екенін іш пікір – көңіл мен пиғыл айқындамай ма. Қартайғандағы балалық дер кезінде кеңпейіл азамат бола білген жандарға ғана дарымақ.
Менің шетелге кеткенімді де сан-саққа жүгіртеді. Мұстафа Шоқай қайта алмайтын еді, қуғында жүрген, ал мені ешкім көкірегімнен итеріп қуған жоқ. Солженицын сияқты шекарадан ұшаққа мінгізіп шығарып салған жоқ. Мен өзім кеттім, бірақ соның алдында бес жыл бойы маған қарсы науқан жүрді. Осындайды халық ұмытып қалады екен.
Жаздық – қыруар жұмыс. Жарияға шықты – одан екі есе жұмыс. Енді сен не болсаң да, еңбегің өлмейді.
Тәңірі тағалам, өзің көрдің, сапарым ауыр болды, табаныма шөңге емес, істік кірді, маңдайыма тас емес, топ тиді, сонда да төрт тағандағам жоқ, шайқалсам да жығылмадым, кеудемді тік, басымды биік ұстадым, рас, қансырадым, сіңірім созылды, жұлыным жұқарды, әлім азайды, бірақ жойылмадым, күш кеткен кезекті майданнан соң жаңа серпін, тың қуат тауып, қалпыма келіп отырдым; Тәңірі тағалам, өзің көрдің, арпалыс пен айқас, іркіліс пен бөгеліс менің тегеурінімді тежеп, қарқынымнан қайырып отырды, бәрінен өттім, бірақ өлшеулі өмірімнің де біраз бөлігі зая кетті, ойға алған істің тым құрыса ширегін жүзеге асырғам жоқ, соған ішім ашиды, өмір сүрген ортам, ғұмыр кешкен заманым еркін көсілуіме мүмкіндік бермеді, соған налимын, Тәңірі тағалам, мұның бәрі менің еркімнен тыс болды, дәл осы ретте кінәм бар шығар, күнәм жоқ – осыны айтып кетейін деп едім…
Мына Мен – айбынды Ғұн, ержүрек Түрік, кемеңгер Шыңғыс хан, Асқақ Алтын Орда, оған жалғас нұр шұғылалы Алаш әулеті – бар ғұмыры жарыққа ұмтылған арпалыс үстінде өткен Мұхтар Мағауин – көзім жұмылған мезетте, бұрнағы Алапат Бабаларым сияқты, өлмес, өшпес, Мәңгілік Аруаққа айналам! Иә!
Ескерту: Кей мәтінде жазушы Мұхтар Мағауиннің жазу стилі сақталған.
Материал Magauin.com, Adebiportal.kz, Azattyq сайттарында және Halyq Uni YouTube-арнасында жарияланған контент негізінде әзірленді.
Бас фото Magauin.com сайтынан алынды.