Метапневмовирус, вирус, тұмау
Иллюстрация: Baribar.kz
Жақында Қытайда метапневмовирус деген вирус өрши бастады. Бұл вирус Қазақстанға да жеткен. Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, тұмау өршитін эпидемиялық маусым басында 30 адамнан метапневмовирус анықталған. Дегенмен министрліктегілер бұл жаңа вирус емес екенін, бұрыннан бар екенін айтып жатыр.
Вирус алғаш рет 2001 жылы Нидерландыда анықталған. Дегенмен кейбір дерек бойынша, адамдар бұл вируспен 1950 жылдардан бері ауырып жүр. Baribar.kz бүгінгі материалда метапневмовирус туралы баяндап береді.

Метапневмовирус деген не?

Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, метапневмовирус жіті респираторлық вирустық инфекцияға жатады. Вирус — маусымдық ауру, әсіресе қыста және көктем басында көп таралады.

Адам метапневмовирусы (Human metapneumovirus, қысқаша HMPV) — көптеген елде ондаған жыл бойы таралған классикалық вирустардың бірі. Бұл вирустың штамдары Қазақстанда ЖРВИ және тұмау ауруларының маусымдық өсуі кезеңінде кеңістікте белсенді айналымда болатын инфекциялардың басқа түрлерімен қатар анықталды, — делінген министрлік сайтында.

Метапневмовирус ауамен, яғни жөтелгенде немесе түшкіргенде шыққан тамшылар арқылы беріледі. Вирус зат бетінде 6 сағатқа дейін сақтала алады. Адам вирус жұққан заттарды ұстап, кейін қолын мұрнына, көзіне немесе аузына апарса, вирус жұқтыруы мүмкін.

Инфекцияның негізгі белгілері — жөтел, мұрыннан су ағу, ентігу, дене тырысуы, бас ауруы.

Вирустан қалай сақтанамыз?

Метапневмовирустан сақтану шаралары кәдімгі тұмау мен коронавирустан қорғанғанмен бірдей. Бұл үшін мынаны істеу керек:

  • адамдар көп жиылатын орындарға, әсіресе жабық үй-жайларға бармаңыз;
  • әсіресе қоғамдық орындарға барғаннан кейін және тамақ ішер алдында қолды сабынмен жиі әрі мұқият жуыңыз;
  • антисептик немесе дезинфекциялық майлық қодданыңыз;
  • респираторлық инфекция белгілері бар адамдармен жақын қарым-қатынастан аулақ болыңыз;
  • үй іші мен жұмыс орындарын үнемі жинап, жуып, дезинфекциялаңыз;
  • лас қолмен бетіңізді ұстамаңыз;
  • үй-жай мен жұмыс орнын уақтылы желдетіп отырыңыз;
  • бойыңыздан ЖРВИ (ОРВИ) белгілерін байқасаңыз, медициналық маска тағып, оны 4 сағат сайын ауыстырыңыз, барынша үйден шықпаңыз (балаларыңыз да мектепке, балабақшаға бармасын), тезірек дәрігерге көрініңіз.

Вирус жұқтырған соң не істеу керек?

Дәрігер виру бар-жоғын анықтау үшін дәрігерлер мұрын-жұтқыншақтан сынама алып, ПТР анализін жасайды.

Өкінішке қарай, метапневмовирусқа қарсы вакцина жоқ. Оған қарсы нақты емдеу шарасы да жоқ. Дегенмен бұл вирустың дауасы жоқ деген сөз емес. Бұл ауру үшін симптоматикалық емдеу қолданылады.

Симптоматикалық емдеу дегеніміз — аурудың негізгі себебіне емес, оның симптомдарына әсер ететін емдеу. Мұны демеуші күтім, демеуші терапия деп те атайды. Демек, аурудың жөтел, дем жетпеу, бас ауру сияқты белгілеріне қарсы ем жасалады.

Жеңіл жағдайда жай ғана симптомдарды басатын ем жасалады. Ал ауыр жағдайда науқастың тыныс алуына жағдай жасап, аурудың себебін жоятын терапия қажет.

Вирус кімге қауіптірек?

Метапневмовирус алғаш анықталғаннан бері бүкіл әлем бойынша қауіп тобындағы адамдар үшін маңызды мәселе болып келеді. Вирус, әсіресе, бір жасқа дейінгі сәбилерге қауіпті. Ауру төндіретін қауіп кейінгі 25 жылда өзгерген жоқ, — дейді Ұлыбританиядағы Уорик университетінің вирусология профессоры Эндрю Истон.

Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, дені сау адамдар көбіне жеңіл суық тию түрінде ауырады немесе мүлде білінбей өтеді. Дегенмен кішкентай балалар, 65 жастан асқандар және иммунитеті төмен адамдар үшін бұл вирус өте қауіпті болуы мүмкін. Мұндай жағдайда тыныс алу жолдарының төменгі бөліктері зақымдалып, тіпті бронхит немесе пневмонияға алып келуі ықтимал.

Елімізде 30 адамнан метапневмовирус анықталған

Министрліктің 5 қаңтардағы мәліметі бойынша, елімізде метапневмовирус жұқтырған 30 адам анықталған.

Эпидемиялық маусым басында республика бойынша тұмауға жатпайтын вирустарға 8 360 үлгі зерттелген.

Оның ішінде тұмауға жатпайтын вирус жұқтырғандар саны — 1 866 (үлгінің 22%-і). Осы 1 866 адамның ішіндегі вирус жұқтырғандар статистикасы мынадай: паратұмау – 178 (9,5%), РС вирусы – 433 (23,2%), метапневмовирус – 30 (1,6%), риновирус – 680 (36,4%), бокавирус – 113 (6,1%), аденовирус – 226 (12,1%), коронавирус – 206 (11,1%).

Демек, метапневмовирус жұқтырғандар саны — ең азы.

СҚ-Фармация елімізде метапневмовирус емдеуге қажет дәрі-дәрмек жеткілікті екенін хабарлаған.