Алматының медициналық жедел жәрдем қызметінің автопаркі 48 заманауи көлікпен толықты. Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа көліктер реанимациялық құрылғылар, дефибрилляторлар, электрокардиографтар, өкпені жасанды желдету аппараттары және тағы басқа құралдармен жабдықталған. Бұл медициналық жедел жәрдемді жоғары деңгейде көрсетуге мүмкіндік береді.
Автопарк Алматы қаласы әкімдігінің және қоғамдық денсаулық басқармасының қаржыландыруы арқасында жаңарды. Алдағы уақытта 50 жедел жәрдем көлігін сатып алу жоспарда.
Күн сайын 186 бригада кезекшілік атқарып, 3 мыңнан астам шақыртуға қызмет көрсетеді. 2024 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша 990 мыңнан астам шақыру орындалды. Бірінші және үшінші санаттағы шақыруларға жету уақыты орта есеппен 12,6 минут, бұл ұлттық стандарттарға сәйкес келеді. Осы кезеңде 142 сәтті реанимация жасалды, — делінген хабарламада.
Қазір Алматының жедел жәрдем қызметі қаланың әр ауданында орналасқан 13 қосалқы станциядан тұрады, бұл шақыруларға жылдам жауап беруді қамтамасыз етеді.
Былтыр жаз айында Алтай-1 шағын ауданында жаңа қосалқы станция ашылды, бұл жедел көмек көрсету қызметін одан әрі қолжетімді етті.