Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері өсті. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлап отыр.
Министрліктің мәліметінше, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрінің мөлшері 6,5%-ке, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ке, яғни, инфляция деңгейінен 2%-ке оза отырып ұлғайтылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 %-не дейін, ең жоғары – 120 %-ке дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың ұлғаюының бірнеше үлгісі:
- 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 140 мың теңгеден 149 мың теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда берілетін жәрдемақы – 233 мыңтеңгеден 248 мың теңгеге дейін ұлғайды;
- мөлшері балалар санына байланысты берілетін көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 59 мың теңгеден 63 мың теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 148 мың теңгеден 157 мың теңгеге дейін артты;
- I топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 95 мың теңгеден 102 мың теңгеге дейін, II топ – 76 мың теңгеден 81 мың теңгеге дейін, III топ – 52 мың теңгеден 55 мың теңгеге дейін өсті.
2024 жылы әлеуметтік қамсыздандыруға 5,4 триллион теңге бөлінді, оның ішінде зейнетақы төлеуге 3,8 триллион теңге қарастырылды. Барлық әлеуметтік төлемдерге (зейнетақылар мен жәрдемақылар) арналған шығыстар республика бюджетінің барлық шығыстарының 21,8 %-і болды.
Мемлекет 2024 жылы мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша 614 миллиард теңгеге жәрдемақы төледі. Сонымен қатар, көпбалалы отбасыларды қолдауға 472,9 млрд теңге бөлді. 2025 жылы халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау үшін 6 триллион теңге қарастырылғын, алушылар саны шамамен – 5 миллион адам, — делінген хабарламада.