Басты бетЖаңалықтарКөпбалалы отбасыларға...

Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы мөлшері өсті

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы мен жәрдемақыға қанша теңге қосылғанын хабарлап отыр.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрінің мөлшері ҚР ұлттық банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ке, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ке, яғни инфляция деңгейінен 2%-ке оза отырып ұлғайтылды.

Бұдан басқа мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-не дейін, ең жоғары — 120%-ке дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.

Мәселен, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-нен 70%-ке дейін ұлғайтылды, бұл 32 360 теңге болып, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110%-ке дейін арттырылып, 50 851 теңге болды.

Мысалы, 2019 жылы зейнеткерлікке шыққан 69 жастағы зейнеткердің 2024 жылы бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері 156 856 теңге болды, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі — 45 578 теңге, ынтымақты зейнетақы — 111 278 теңге. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өсімді ескере отырып, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 171 588 теңгеге дейін ұлғайды, оның ішінде базалық зейнетақы — 50 851 теңгені, ынтымақты зейнетақы — 120 737 теңге болды. Аталған сомаларға БЖЗҚ-дағы төлемдер кірмейтінін атап өту маңызды.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың ұлғаюының бірнеше үлгісі:

  • 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 140 296 теңгеден 149 416 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда берілетін жәрдемақы — 232 596 теңгеден 247 716 теңгеге дейін ұлғайды;
  • мөлшері балалар санына байланысты берілетін көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 59 183 теңгеден 63 030 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін — 147 680 теңгеден 157 280 теңгеге дейін артты;
  • I топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 95 496 теңгеден 101 702 теңгеге дейін, II топ — 76 397 теңгеден 81 362 теңгеге дейін, III топ — 52 089 теңгеден 55 474 теңгеге дейін өсті.

Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер мөлшері 6,5%-ке артты.

Аталған төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

Төлемдердің мөлшері жеке санаттарға және келесілерге байланысты болады: кейінгі екі жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты алмастыру.