Жақында Қостанайда құрамында дәрігер Сұлтан Жүсіпов пен фельдшер Александр Калетин бар жедел жәрдем бригадасы клиникалық өлім жағдайындағы нәрестеге реанимация жүргізіп, аман алып қалған. Сәбидің туғанына небәрі 24 күн болған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлап отыр.
Сәби үйде емізгеннен кейін көгеріп, тыныс алмай қалған. Хабар 103 диспетчеріне жеткен соң, диспетчер бірден жедел жәрдем бригадасына қоңырау шалған. Бригада үйге жеткенше диспетчер телефон арқылы көмектесу үшін «Қоңыраулы ұстап тұру» режимінде тұрған.
Call орталығының аға дәрігері Айшат Абзалбекова желіде болып, кеңес айтып тұрған. Ал баланың әкісі дәрігердің айтқанын дәл істеп, бригада жеткенше баланы ауыр жағдайдан шығарған.
Жедел жәрдем көлігінде баланың жүрегі тоқтап қалып, тынысы үзілген. Сөйтіп, сәби коиникалық өлім жағайына түскен.
Бригада дәрігері Жүсіпов Сұлтан мен фельдшер Александр Калетин бірден реанимация жасауға кіріскен. 24 күндік нәрестеге трахеяны сәтті интубациялап, өкпені жасанды желдету режиміне ауыстырған және PALS халықаралық стандарты бойынша одан әрі реанимация жасаған, — делінген министрлік хабарламасында.
Дәрігерлердің білікті іс-қимылы арқасында баланың жүрегі қайта соғып, тыныс ала бастаған. Бала облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлмесіндегі реанимация
дәрігерлеріне аман-есен берілген.
Қазір баланың жағдайы қанағаттанарлықтай. Стационарда ем қабылдап жатыр. Қостанай жедел жәрдем қызметінің қызметкерлеріне аман қалған сәбидің әкесі Фархат Иманбаев жылы лебізін білдірген, — делінген хабардамада.