Есірткі өндіру мен өткізуді ұйымдастыратындардың жауапкершілігі күшейетін, ал есірткіні тығып кететіндерге қолданылатын шара аздап жеңілдейтін заң қабылданды. Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Заң есірткі өндірісі үшін ғана емес, осы қылмыстық әрекет үшін лауазымды адамдардың да жауапкершілігін едәуір күшейтеді. Енді бұл қылмысқа қатысы бар тұлғалардың мүлкін тәркілеп, 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруы мүмкін, — делінген хабарламада.
Заңда есірткі тығып кететіндердің жазасы аздап жеңілдеген. Мәселен, алғаш рет мұндай қылмыс жасағаны үшін қылмысын ауырлататын мән-жайлар болмаса, мүлкін тәркілеп, 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген (бұрын мүлкін тәркілей отырып, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыратын).
Жаза осы қылмысқа тартылатындардың, яғни есірткі тығып кететіндердің көбі жасөспірімдер мен жастар болғандықтан жұмсартылды. Олар есірткіні өзі жасамайтыны, көбіне есірткінің заңсыз айналымын ұйымдастыратындардың тұзағына түсіп қалатыны ескерілген.
Алайда азамат қылмыстық әрекетті бірнеше рет қайталаса, оны мүлкін тәркілей отырып, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қатаң жаза бар.