Басты бетЖаңалықтарПрезидент халыққа...

Президент халыққа жаңа жылға құтты болсын айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа 2025 жылға құтты болсын айтты. Құттықтау мәтінін Ақорда жариялады.

Қымбатты отандастар!

Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бүгін бәріміз жүзжылдықтың ширек ғасырлық белесіне қадам басқалы тұрмыз. Биыл Алтай мен Атырау арасындағы барша жұрт тарихтың жаңа парағын бір мезетте ашады. Халқымыз екі жылдың тоғысар тұсын ізгі ниетпен, ерекше көңіл-күймен күтеді. Өткен күндерді саралап, ескі жылға баға береді. Арман-мақсатын айқындап, болашаққа үлкен үмітпен қарайды. Бұл – нағыз отбасылық мереке. Сондықтан мен баршаңызға, ең алдымен, еліміз аман, жұртымыз тыныш, бауырымыз бүтін болсын дегім келеді.

Ұлу жылы ұлтымыз үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Түрлі саладағы реформалар жемісін бере бастады. Экономиканың жаңа бағдарын белгілеп, нақты шараларды қолға алдық. Өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамып жатыр. Бірқатар ірі өндіріс орны ашылды. Инвестициялық ахуал жақсарды. Мыңдаған шақырым жол салынып, жөнделді. Еліміздегі ең ұзын көпірдің құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді.

Диқандарымыз мол астық жиып, қамбаны дәнге толтырды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында қалалар мен ауылдар жаңаша келбетке ие бола бастады. Алғаш рет азаматтарымыздың орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетті.

Өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Ұлттық қордағы қаржының бір бөлігі балалардың есепшотына түсті. Жүзден астам жаңа мектеп ашылды. Көптеген әлеуметтік нысан салынды.

Біз еліміздің келешегіне айрықша әсер ететін өте маңызды шешім қабылдадық. Атом электр станциясына қатысты референдум өткіздік. Көпшілік бұл бастаманы қолдады.

Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройы арта түсті. Астанада беделді халықаралық ұйымдардың маңызды саммиттері өтті.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына мыңдаған спортшы мен мейман келді. Спортшыларымыз Олимпиада және Паралимпиада ойындарында көк туымызды биікте желбіретті. Оқушыларымыз түрлі білім сайысынан жүлделі оралды.

Биыл көктемде бірқатар аймақта алапат тасқын болғанын білесіздер. Зардап шеккен барша азаматқа жан-жақты көмек берілді. Жүздеген отбасы Жаңа жылды жаңа шаңырақта қарсы алып жатыр.

Үкімет тиімді жұмыс атқарып, экономиканың қарқынды өсімін қамтамасыз етуге тиіс. Жаңа өндіріс орындарын ашып, бизнеске қолайлы жағдай жасауы қажет. Жол салуды жалғастырып, коммуналдық саладағы түйткілді мәселелерді шешуі керек. Цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейткен жөн. Ауыл еңбеккерлерін барынша қолдау маңызды. Бас мақсатымыз – азаматтардың әл-ауқатын арттыру.

Мемлекет білім беру және денсаулық сақтау, ғылым және мәдениет салаларын дамытуға баса мән береді.

Келесі жылы елімізде бірнеше айтулы оқиға болады. Біз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын лайық атап өтеміз. Ата Заңымыздың және Қазақстан халқы Ассамблеясының отыз жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде өткіземіз. Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайық атап өтуіміз керек.

Мен алдағы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияладым. Бұл – еңбек адамдарына деген ерекше құрметтің белгісі. Дәл қазір мерекеге қарамастан мыңдаған отандасымыз жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында шекарашылар, дәрігерлер, тәртіп сақшылары, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер, өндіріс басындағы мамандар және басқа да азаматтар бар. Мұны өз ісіне деген адалдықтың нағыз үлгісі деуге болады. Мен бүкіл халқымыздың атынан Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Шетелде білім алып жатқан немесе жұмыс істеп жүрген азаматтарымызға амандық тілеймін!

Қадірлі ағайын!

Осы мерекелік сәтте әр шаңыраққа шаттық тілеймін! Жаңа жыл әр азаматқа жақсылық әкелсін! Төрт құбыламыз түгел болсын! Ардақты аналарымыз бен ардагерлеріміз аман болсын! Жас ұрпақтың жолы ашық, болашағы жарқын болсын! Қастерлі Отанымыз өсіп-өркендей берсін! Жаңа жылда баршаңызға амандық, бақ-береке тілеймін!

Әр үйде қуаныш көп болсын! Сіздерге мықты денсаулық тілеймін! Ырыс-несібелеріңіз арта берсін!

Жаңа жыл құтты болсын!