2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар көбейеді

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақы көлемі артады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлап отыр.

Бір, екі, үш бала туғанда берілетін жәрдемақы 140 296 теңгеден 149 416 теңгеге дейін, төрт және одан да көп бала туғанда берілетін жәрдемақы – 232 596 теңгеден 247 716 теңгеге дейін ұлғаяды.

Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы төрт баласы бар отбасылар үшін 59 183 теңгеден 63 030 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 147 680 теңгеден 157 280 теңгеге дейін ұлғаяды, — деп жазылған хабарламада.

I топ мүгедегіне арналған жәрдемақы 95 496 теңгеден 101 702 теңгеге дейін, II топ – 76 397 теңгеден 81 362 теңгеге дейін, III топ – 52 089 теңгеден 55 474 теңгеге дейін ұлғайтылады.

Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер 6,5 %-ке артады.