Басты бетЖаңалықтарҚазақстан апатқа...

Қазақстан апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшіктерін Бразилияға жібереді

Қазақстан Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясы ұшағының қара жәшіктерін Бразилиядағы Авиациялық оқиғаларды зерттеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жібереді.

Бұл туралы Қазақстан Республикасының көлік министрлігі хабарлап отыр.

Министрлік мәліметінше, Чикаго конвенциясының 13 қосымшасына сәйкес, тергеу жүргізетін мемлекет борттық өздігінен жазғыш деректерін оқуды қамтамасыз етеді және оларды қай елде таратып жазу туралы шешім қабылдайды.

Қазақстан бұл Конвенцияны 1992 жылы ратификациялады және Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) мүшесі.

Жоғарыда аталған құжаттың негізінде, сонымен қатар ИКАО ұсынымдарын ескере және Әзербайжан мен Ресейдің авиациялық билік өкілдерімен кеңесе отырып, ҚР көлік министрі Марат Қарабаев басқаратын авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі Комиссия борттық өздігінен жазғыштарды (қара жәшіктерді) Embraer әуе кемесін шығарушы Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жіберу туралы шешім қабылдады.

CENIPA орталығында қажет техникалық мүмкіндіктер қарастырылған, тиісті құралдармен жабдықталған және оларды оқу үшін сертификатталған зертхана бар.

Бұл мәселе мемлекет басшысының жеке бақылауында.