Бүгін Астанада өткен Қазақстан мұсылмандарының Х құрылтайында ҚМДБ төрағасы, бас мүфти лауазымына Наурызбай қажы Тағанұлының кандидатурасы ұсынылды.
Бұл туралы ҚМДБ баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, құрылтайға жиналған 300-ге жуық делегат осы кандидатураға бірауыздан дауыс беріп, қолдау көрсетіп, Наурызбай қажы Тағанұлын бас мүфти лауазымына қайта сайлады.
Құрылтайға еліміздің әр облысынан келген 300-ге жуық делегат менің кандидатурама дауыс беріп, сенім білдіріп, бас мүфти лауазымына қайта сайлады. Бұл сенімді абыроймен ақтауға бар күш-жігерімді жұмсаймын. Жоспарлап отырған бірқатар жұмыстарымыз бар. Мәселен, алдағы 2025 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дербес мүфтият болып құрылғанына 35 жыл толады. Мерейтой аясында жоспардағы көптеген игі істерді жұрт болып жұмылып, халық болып бірігіп атқаруға баршаңызды шақырамын, — деді ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы журналистерге берген сұхбатында.
Айта кетейік, Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ төрағасы, бас мүфти лауазымына екінші рет сайланып отыр.
Наурызбай қажы Тағанұлы 1977 жылғы 13 наурызда дүниеге келген.
1993-1997 жылдары Ташкентте «Имам Әл-Бұхари» атындағы Ислам институтында оқып, жоғарғы діни білім алған.
1999-2001 жылдары ҚМДБ жанындағы Ислам институтында оқыған.
2009 жылы Мысыр Араб Республикасында діни білімін жетілдірген.
2010 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің «Тарих» мамандығы бойынша сырттай оқып, жоғары білім алған.
2011-2013 жылдары аталған университеттің «Дінтану» мамандығы бойынша магистратурасын бітірген.
2017-2020 жылдары «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде «Исламтану» мамандығы бойынша PhD доктор дәрежесін қорғады.