Басты бетЖаңалықтарОлжас Бектенов:...

Олжас Бектенов: Қазақстандық әуе компаниялары тексеріледі

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында жергілікті сипаттағы техногендік төтенше жағдай жарияланды. Енді Қазақстандғы әуе компаниялары тексеріледі.

Бұл туралы үкіметтің ресми сайты хабарлап отыр.

Үкімет басшысы Олжас Бектеновке вице-премьер Қанат Бозымбаев Ақтау қаласы маңындағы ұшақ апаты болған жерде үкіметтік комиссияның жұмысы туралы есеп берді.

Құтқару қызметі іздеу жұмыстарын аяқтады. Ұшақ апаты салдарынан 29 адам ауруханаға жатқызылды, 38 адам қаза болды. Пациенттер түрлі жарақаттармен түскен. Жағдай тұрақталғаннан кейін олар профильдер бойынша ауруханаға жатқызылды, науқастар толық көлемде ем алып жатыр, — деді Олжас Бектенов.

Қазақстандық мамандардан бөлек Ресей ТЖМ арнайы кеңесі мен Әзербайжан санитарлық авиация бригадасы да келді. Зардап шеккендер мен қаза болғандардың туыстары келеді, оларға облыс әкімдігі трансферт, орналастыру және тамақтану бойынша қажетті көмек көрсетеді. Психологтар тобы жұмыс істеп жатыр.

Көлік министрлігі де Әзербайжан үкіметімен бірлесіп жұмыс істейді. Ертең Бразилияның авиациялық билігі мен Embraer компаниясы келеді деп күтілуде.

Түпқараған ауданында жергілікті техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Премьер-министр авиациялық қауіпсіздікті күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Оның айтуынша, бұл қайғылы жағдай, бізге де ұшу қауіпсіздігі бойынша тиісті шараларды қабылдау керектігін білдіреді.

Бірінші кезекте жоспардан тыс тексеру жүргізу және әуежайлардың, әуе кемелерінің техникалық жағдайын ерекше бақылауға алу қажет. Өткізіліп отырған іс-шаралар шеңберінде отандық авиакомпаниялар экипаждардың біліктілігін, рұқсатнамаларын және құзыретін қайта тексеру керек. Сонымен қатар әуе оқиғаларына жедел ден қою мақсатында апаттық-құтқару жұмыстарын жетілдіру және мүдделі мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету қажет. Орын алған жағдайдан осындай оқиғаларды алдағы уақытта болдырмау үшін нақты ұсыныстарды әзірлей отырып дұрыс қорытынды шығару қажет, — деді премьер-министр.