Мемлекет басшысы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевке Маңғыстау облысында Әзербайжанның әуе жолдары ұшағы апатқа ұшырап, экипаж мүшелері мен жолаушылардың қаза болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.
Орны толмас ауыр қайғыға ортақтаса отырып, Сізге, қаза болған азаматтардың туған-туыстарына және барша Әзербайжан халқына көңіл айтамын. Менің тапсырмаммен Қазақстан үкіметі мемлекеттік комиссия құрды. Комиссия құтқару операциясы аясында тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына қажет көмек көрсетеді, – делінген жеделхатта.
Еске салайық, Баку-Грозный бағытында ұшып келе жатқан ұшақ Ақтауда құлады.
Баку-Грозный бағытындағы ұшақ Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі. Ұшақ бортында 69 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі.
Алдын ала мәлімет бойынша, аман қалған 25 адам бар, оның ішінде 22 адам ауруханаға жеткізілді.
Жолаушылардың толық тізімі жарияланды. Ұшақ бортында Қазақстанның алты азаматы болған.
Қазақстан президентінің тапсырмасы бойынша Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты мемлекеттік комиссия құрылды.