Шығыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабары бойынша, Риддердегі ЖЭО-дағы апаттан зардап шеккендер травматология бөлімінде жатыр. Бұл туралы жергілікті YK-news.kz. сайты жазып отыр.
21 желтоқсанда Риддер жылу электр орталығында жөндеу және дәнекерлеу жұмыстары кезінде газ-ауа қоспасы жарылған еді. Көмір азық конвейері жөнделіп жатқан болатын. Апаттан алты адам зардап шеккен.
Үш науқас облыс орталығына жеткізілді, олардың жағдайы бірқалыпты ауыр. Қалған үш адамды Риддерде дәрігерлер тұрақты бақылап отырғаны хабарланған.
Риддер ауруханасында жатқан науқастар жансақтау бөлімінен жалпы палатаға, травматология бөліміне ауыстырылды. Өскеменде жатқан үш адам да травматология бөліміне ауыстырылды. Олар толық медициналық көмек алып жатыр. Бәрінің жағдайы орташа ауыр, сауығып келеді, — деп хабарлады 23 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы.