Мемлекет басшысы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салуды жеделдету керек екенін айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.
Президентке ведомство жұмысының негізгі қорытындылары мен еліміздегі отын-энергетика кешенін дамыту жоспары, мұнай-газ және энергетика салаларындағы ірі жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде ақпарат берілді.
Алмасадам Сәтқалиев президентке жылыту маусымы барысы мен жылу-электрмен қамту бойынша ірі нысандардың жұмысы туралы баяндады. Мемлекет басшысы жылыту маусымын ерекше бақылауда ұстауды және энергетика инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты жобаларды іске асыруды тапсырды, — делінген хабарламада.