Бүгін Алматыда Қазақстандағы біріншілік иммунитет тапшылығына (БИТ) диагностика жасау және емдеу мәселелеріне арналған баспасөз конференциясы өтті.
Халықаралық зерттеулер мәліметі бойынша, біріншілік иммунитет тапшылығы диагнозы 10 000 адамның біреуіне қойылады. Алайда сарапшылар диагностика жеткілікті жүргізілмегендіктен, мұндай ауруға шалдыққандар саны айтарлықтай көп болуы мүмкін деп болжап отыр.
Қазақстанда БИТ мәселесі өзекті болып отыр. Себебі жыл сайын бірнеше ондаған жаңа дерее анықталады, бірақ көптеген науқасқа диагностика жасалмайды.
Жалпы әлемдегі көрсеткіш бойынша, Қазақстанда біріншілік иммунитет тапшылығы диагнозы болуы мүмкін шамамен 2 000 адам бар.
Қазақстандағы өзекті мәселе — біріншілік иммунитет тапшылығы диагностикасы нашар екені. Оған көбінесе медицина қызметкерлерінің және ата-аналардың БИТ белгілері туралы біле бермейтіні себеп. Орташа алғанда БИТ диагностикасы алғашқы симптомдар пайда болған сәттен бастап бес жылдан жеті жылға дейін уақыт алады. Ауруға шалдыққандардың 70%-тен астамына диагноз 20 жасқа дейін қойылады.
БИТ — генетикалық ақаулардан туындаған сирек, бірақ ауыр иммундық жүйе сырқаттарының тобы. Мұндай сырқат нәтижесінде ағза инфекциялармен тиімді күресуге қабілетсіз бола бастайды. Сөйтіп өмір сүру сапасы айтарлықтай төмендейді, ал кейбір жағдайда науқастың өміріне қауіп төндеді. БИТ белгілері ерте жастан да пайда болуы мүмкін (науқастардың 40%-іне диагноз 18 жасқа дейін қойылады), бірақ кейде диагноз ересек жаста ғана қойылады. Ең жиі кездесетін белгілері мынадай: қайталана беретін инфекциялар (пневмония, синусит, отит), ұзақ жазылмайтын жаралар, балалардың өсуі мен дамуының баяулауы, созылмалы қабыну аурулары, аутоиммундық бұзылыстар.
Алматы қаласындағы Республикалық аллергология орталығының басшысы Арай Батырбаеваның айтуынша, БИТ сырқатын ерте анықтау денсаулыққа келетін ауыр зардаптардың алдын алу үшін маңызды. Уақтылы анықтап, емдеу инфекциялық асқынулардың санын азайтуға, ішкі органдардың ауыр зақымдануын болдырмауға, науқас пен оның отбасының өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
БИТ белгілері бар балаларды емдеудің мақсаты — инфекциялардың алдын алу. Қол гигиенасын сақтау және басқа науқас адамдардан аулақ жүру маңызды. Жиі немесе ауыр бактериялық инфекциялармен ауыратын балаларға кейде профилактикалық мақсатта антибиотиктер тағайындалады. Кейбір жағдайда, тіпті профилактикалық антибиотиктер қабылдаған кезде де қайталана беретін немесе ауыр инфекциялары бар балаларда иммуноглобулиндермен алмастыру терапиясын қолдануға болады, — деп айтып өтті Арай Батырбаева.