Мемлекет басшысы премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономикалық өсімді қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру бойынша тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндалды.
Олжас Бектеновтің айтуынша, биылғы қаңтар-қараша айларында жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,4 пайызды құраған. Экономиканы әртараптандыру аясында ауыл шаруашылығы (13,4%), құрылыс (10,3 пайыз), сауда (8,2%), көлік (8,1%), өңдеу өнеркәсібі (5,3%), соның ішінде металлургия (7,2%) және машина жасау (6,9%), химия өнеркәсібі (8,4%), сонымен қатар ақпарат және байланыс (5,3%) салаларында өсім байқалған.
Биыл экономиканың өсіміне мұнайдан тыс салалардың дамуы есебінен қол жеткізілді. Соған қарамастан мұнайды игерудің болжамды көрсеткішінің орындалмауы экономика дамуының жалпы қарқынына әсер етті.
Мемлекет басшысына отандық өндірушілерді қолдау және терең өңдеуді ынталандыру бойынша қабылданған шаралардың нәтижесі жөнінде мәлімет берілді. Атап айтқанда, өңделген тауар экспорты 10,2%-ке өсіп, 23,3 миллиард долларға жеткен. Тауар импортының көрсеткіші 3,3%-ке кеміген.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,1%-ке ұлғайған. Бұл орайда шикізаттық емес салаларда айтарлықтай өсім бар.
Президентке іскерлік белсенділікті одан әрі арттыру және аймақтардағы өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жұмыстарды күшейту жоспары таныстырылды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларындағы оң динамиканы сақтау бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сонымен бірге инвестиция тарту, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, импорт алмастыру және әлеуметтік маңызға ие азық-түліктің бағасын тұрақтандыруды бақылау бойынша бірқатар тапсырма берді.