Қыс мезгілі басталғаннан бері Астанадан 79 881 рейспен миллион текше метрден астам қар шығарылды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлап отыр.
14-інен 15 желтоқсанға қараған түнде қала көшелерінен қар мен мұзды жинауға 160-тан астам жол жұмысшысы мен 600-ден астам арнайы техника шықты.
14 желтоқсан күні қар полигондарына ауыр жүк көлікпен 803 рейс, 10 152 мың текше метрден астам қар шығарылды.
Ереже бойынша, ең алдымен, қалада кептеліс болмас үшін өте қарқынды қозғалыс учаскелері тазаланады. Сонымен қатар орташа қарқындылығы бар учаскелер-алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және тағы басқа орындар қардан тазартылады.
Орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалау басымдыққа ие.
Елордада бірнеше жабдықталған қар полигоны жұмыс істейді. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған.