Қазақстан мен Ресей шекарасындағы «Сырым» өткізу бекетінде қалың қар мен боранға байланысты 500-ге жуық жүк көлігі кептеліп тұр.
Бұл туралы мемлекеттік кірістер комитеті хабарлап отыр.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, кептеліс 13 желтоқсанға қараған түні басталған.
«Сырым» авткөлік өткізу пунктінде Ресейге қарай 450-500 жуық жүк көлігі жиналып қалды. Кептеліске Батыс Қазақстан облысы мен Ресейдің Самара облысында ауа райының нашарлауы – қалың қар, боран, көктайғақ себеп болып отыр, — делінген хабарламада.
Ресейдегі федералды трассаларда қозғалыс уақытша шектелген.
Шектеу шамамен бүгін сағат 22:00-ге дейін алынбайды. Осыған байланысты жүк көліктері қозғалысын жалғастыра алмайды. Олар күннің ашылғанын күтіп отыр, — делінген хабарламада.
Жүргізушілерге, сонымен қатар басқа облыстардағы жақын маңдағы өткізу бекеттеріне бару ұсынылған.