Үкімет қайтарылған активтердің 1,2 миллиард теңгесін қайда жұмсайтыны белгілі болды. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Үкімет Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Мыңадыр стансасында 80 орындық мектеп салуға 1,2 миллиард теңгеден аса қаражат бөлу туралы шешім қабылдады.
Жұмыс істеп тұрған мектеп осы аймақтағы жалғыз білім беру мекемесі болып саналады. Ғимарат 1981 жылы салынды, 2000 жылдары қосымша кеңейтілді. Бүгінгі таңда мектеп шамадан тыс толған: жобадағы 60 орынның орнына мұнда 123 оқушы оқып жатыр. Мектепте химия, биология, физика және география бойынша зертханалық кабинеттер, спорт залы, шеберхана, еңбек кабинеттері жоқ.
Құрылысты бастау 2025 жылғы I тоқсанға жоспарланған. Жобаны іске асыру оқушы орындарының санын ұлғайтуға мүмкіндік береді және заманауи білім беру талаптарына сәйкес балаларды оқыту үшін қажет қолайлы жағдай жасайды, — деп жазылған хабарламада.