Басты бетЖаңалықтарМемлекет басшысы...

Мемлекет басшысы Хромтаудағы «Болашақ» шахтасының жұмысымен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақтөбе облысына жұмыс сапары «Болашақ» шахтасын аралап көруден басталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Мемлекет басшысына жаңа нысанда 1 800 жұмыс орны құрылатыны жөнінде мәлімет берілді. Тартылатын инвестиция көлемі 1 триллион теңгеден асады.

Eurasian Resources Group директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов «Болашақ» шахтасы ERG компаниялар тобының ірі инвестициялық жобаларының бірі саналатынын атап өтті.

Кәсіпорын «Миллионное» және «Алмас-Жемчужина» кен орындарын игерумен айналысады. Кен қазу ісіне автоматты режимде бұрғылайтын интеллектуалды бұрғылау қондырғысы, қашықтан жер үстінде басқару жүйесі, сонымен қатар толықтай автоматтандырылған жүк көтеру машиналары секілді озық технологиялар мен заманауи құрал-жабдықтар қолданылады.

Компания басшысының айтуынша, дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты «Болашақ» шахтасын іске қосу еліміздің тау-кен өнеркәсібіндегі тарихи оқиға болмақ.