Басты бетЖаңалықтарЖетісу облысында...

Жетісу облысында жыл басынан бері 692 келі есірткі тәркіленген

Өткен жылмен салыстырғанда Жетісу облысында есірткі қылмысы 23%-ке төмендеген. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мәлімдеп отыр.

Жыл басынан бері Жетісу облысында есірткі заттарына байланысты 145 құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 43 сату фактісі және аса ipi мөлшерде есірткі сақтаудың 12 фактісі бар. Өткен жылмен салыстырғанда есірткі қылмысы 23%-ке төмендеген.

Жедел іс-шаралар нәтижесінде 692 келі есірткі тәркіленді. Оның 235 келісі марихуана, 66 келісі синтетикалык есірткі, 385 келісі қарасора. Екі есірткі лабораториясы жойылып, 14 адам ұсталды. Оның бесеуі кәмелетке толмаған бала. Тергеу қортындысы бойынша сотқа 93 қылмыстық іс жіберіліп, 78 адам сотталды, — дейді Жетісу облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Эмиль Шарменов.

Айта кетейік, облыс бойынша есепте тұрған 230 нашақор бар, олардың басым көпшілігі 18-29 жас аралығындағы жастар. Бір жыл ішінде стационарлық емдеуден өткен 68 пациенттің 65-і ерікті түрде жүгінген.