Шолпан Әбдіхалықова еліміздегі алғашқы ірі гранит зауытының негізін қалаған. Зауыттың көлемі – 3 300 шаршы метр. Күніне 500 шаршыдан асатын гранит кесіп шығарады. Шолпан ханымнан Қазақстандағы ірі зауытты қалай салғанын, көпшілік ерлер ісі дейтін зауыт жұмысын қалай игеріп кеткенін сұрап білдік.
Индустариал аймақтағы ең әдемі зауыт
Бұл бизнесті жеке кәсіпкер ретінде бастағанымызға біраз болған. Ал 2018 жылы Алматыдағы индустриал аймақтан зауыт салуға жер беріліп жатқанын естіп, комиссия алдында жобамды қорғадым. Сөйтіп сол аймақтан CityStone компаниясына жер алдық.
2019 жылы Қытайдан гранит кесетін әртүрлі станок алып келдік. Әрқайсымен гранит кесіп көріп, сынақтан өткіздік. Ақыры соңында Қытайдың сапалы станок шығаратын компаниясына тоқтадық та, станоктарын сатып алдық. Бір жылдан соң зауыт сала бастадық. Бұрын әуелі зауыт салынады, сосын керек техникалар ішіне орнатылады деп ойлайтынмын. Керісінше екен. Әуелі станоктарды өндіріске ыңғайлы етіп қойып алып, сосын барып ғимараттың жобасы жасалады екен.
Зауытты 2023 жылы салып біттік. Оған дейін станоктар ашық аспан астында істеп тұрды. Бір желі бойында тұрған үш-ақ станогымыз бар еді. Бір күнде 100-150 шаршы гранит шығаратынбыз. Қазір екі желі бойымен 13 станок істеп тұр. Күніне 500 шаршыдан аса гранит өндіреміз. Дегенмен зауытымыз 2025 жылғы көктемде ресми ашылады. Сол индустриал аймақтағы ең әдемі зауыт десем болады. Алдында фонтаны, офис қызметкерлеріне арналған үш қабатты әйнектен салынған ғимараты бар. Қазір офисте 15 қызметкеріміз, өндірісте 30 адам бар. Зауыт ресми ашылған соң штат үлкейеді.
Шикізатты сатып аламыз. Карьерден зауытқа транспортпен жеткіземіз. Зауытта гранитті екі түрлі жолмен өңдейміз: айна сияқты жылтыратамыз және термиялық өңдейміз. Жылтыр гранит ғимараттың ішкі қабырғасын, ішкі баспалдақ салуға қолданылады. Ал термиялық өңделген гранит сырғанақ болмайды: көшеге төселеді, сырттағы баспалдақ салынады.
Нарықта гранит кесудің стандарты бар. Ал біздің зауытымыздың техникалық мүмкіндігі гранитті кез келген көлемде кесіп беруге жетеді. Тұтынушыларымыз – көбіне құрылыс компаниялары. Бұл нарық бос болғандықтан, клиентті арнайы іздемейміз, клиент бізді іздеп келеді. Компаниялар бизнес класс үйін салғанда қаптама материал үшін табиғи тас қолданады. Үй алдына төсейтін тасы да табиғи болады. Республика бойынша «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынып жатқан 500 мектеп те гранитті бізден алады. Ресейге, Өзбекстанға, Қырғызстанға вагондап гранит жібереміз.
Бұған дейін тек заңды тұлғалармен жұмыс істегенбіз. Биыл жаздан бастап еліміз бойынша физикалық тұлғаларға қызмет етіп келеміз. Бұрын арамызда алыпсатарлар жүретін. Қазір осы салаға мән бере бастадық. Физикалық тұлғаның талғамына қарай әрі өзіне керек көлемді кесіп береміз.
Жоғарыда айтқанымдай, гранитті карьерден сатып алып, зауытқа тасимыз. Алайда жақында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне екі карьер алуға рұқсат беруді сұрап құжаттарымызды жібердік. Келер жылы сүйінші хабар келер деп үміттеніп отырмыз.
Зауытқа жиған-тергенін құйып, үй-жайын сатқан
Өзім ерте жастан жұмыс істедім. Мектепті 9-кластан бітіріп кеттім де, Нархоздың колледжіне түсіп, қаржыгер мамандығын жақсы бітіріп шықтым. Содан кейін тәжірибеден өту үшін банкке бардым. Соңында банкте жұмыс істеуге қалып, 18 жасымда жұмысқа тұрдым. Жоғары білімім де бар. Банктің кредит алу бөлімінде едім. Қолыма нешетүрлі жоба түседі. Оларға банктен несие беру үшін сол жобаларды оқып шығатынмын. Сонда «Неге мен де осындай жоба бастамаймын?» деп ойлайтынмын.
2019 жылы екінші рет декретке шықтым. Содан бастап күйеуіммен бірге кәсіп ашам деген шешімге келдім. Қазақстанның карьерлерін араладым, Қырғызстан мен Өзбекстанға бардым. Тастардың құрамын зерттедім. Біздің жеріміз гранитке бай әрі ол өте сапалы, барлық түсі бар. Негізі гранит радиация береді. Алайда біздің жеріміздегі граниттен шығатын радиация нормада, қолыңыздағы стартфоннан көп радиация бөлмейді. Басқа мемлекеттердегі гранитті зерттедік, олардан шығатын радиация нормадан жоғары. Сол үшін де осы тасты таңдадық.
Кәсіпкер болу, оның ішінде өндіруші болу өте қиын. Бұл жеке басымыздың ғана қамын күйттеу емес. Гранитті шетелге шикізат күйі сатқанша немесе карьер қазуға жалға беріп, кейін дайын өнімді қымбат сатып алғаннан пайда аз. Одан да гранитті өзіміз өңдесек, бұл ел экономикасына оң әсер етеді деп үміттенемін. Қаржыгермін ғой, геологиядан хабарым жоқ. Дегенмен гранитті зерттей келе, ата-бабамыз сонша бай жерді текке қорғамағанын түсінгендеймін. Осы зауыттың жұмысын істеп жүріп, патриоттық сезімім артты. Қазақстанның гранитін әлемге танытсақ дейміз. Қазірдің өзінде Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстанға гранит сатып жатырмыз. Зауыт салып жатқан жылдары үш бала дүниеге әкелдім. Ал негізі көпбалалы анамын — төрт балам бар.
Әуелде 2008 жылы ашылған кішкентай цехті сол индустриал аймаққа көшіріп алып, істей береміз деп ойлағанбыз. Кейін ол болмайтынын түсініп, зауыт салу керек дедік. Зауыт салу үшін осы уаққа дейін жиған-тергенімізді, үйімізді, көлігімізді саттық. Біршама уақыт пәтерді жалға алып тұрған кезіміз де болды. Сондай тәуекелге бел буған едік. Әкімдікке қарайтын Almaty Finance деген қаржы орталығы бар. Орталық өндірістік бизнеске проценті аз несие береді. Құжаттарды бір жылдай жинап, сол жерден көмек алдық.
Кіл ерлер арасындағы ержүрек қыз
Өзім тәртіпке бағынған адаммын. Мұндай мықты болғаныма әкем көп ықпал етті, маған көп көңіл бөлді. Бізді «Айтқан екенсің, істе» деген тәрбиемен өсірді. «Қолымнан келмейді, істей алмаймын, істегім келмейді» деген үш сөзді айтпа дейтін.
Онысы осы бастамама көп көмектесті. Алматыдағы индустриал аймақтан жер алу үшін жобамызды комиссия алдында қорғайтын болдық. Барсам, кілең костюм киген кәсіпкер ер адамдар, қасында заңгер, жобалаушы сияқты бес-алты адамы және жүр. Мен жалғыз барғам, оның үстіне ол кезде 31-ақ жастамын. Жобамды сәтті қорғап, индустриал аймақтағы кіреберістегі ең әдемі орын бұйырды. Сонда адамдар «Қалай?» деп сенбей таңғалатын. Көбіне байқайтыным – әуелде қыздың әлеуетін бағаламайды, бәсекелес көрмейді. Сондықтан ылғи қыз болғандықтан ғана өзіңді дәлелдеуге тура келеді. Бәлкім осы нәрсе мені қамшылаған да шығар. Біздің, қыздардың, психикасы өте мықты.
Бір-бірін қолдаған ерлі-зайыпты
Жолдасым екеуіміз жақсы серіктеспіз. Зауытты бірге салдық. Ол – идея өндіруші, мен соны жүзеге асырамын. Әрине, ерлі-зайыптылар күнделікті тіршілікте де келіспей қалып жатады. Ал біздікіндей ірі зауыт саларда келіспеушілік тіпті артуы мүмкін.
Дегенмен біз бір-бірімізді көп қолдадық. Ол қажып, қолын бір сілтегісі келгенде мен «қолымыздан келеді, шегінерге жол жоқ» деп жігерлендірем. Мен де шаршаймын. Екі жыл сайын босандым, үйде 40 күн отырар-отырмас жұмысқа шығып кететінмін. Үйге екі сағатта бір барып, баламды емізіп келетінім бар. Сөйтіп бір күні «зауыты құрсын» деп мен шығам. Ондайда күйеуім қолдап, бір жағыма шығысады. Бір-бірімізді қолдаудың арқасында осындай нәтижеге жеттік деп ойлаймын.
Жолдасым екеуіміз бір-бірімізді 24 сағат бойы көретінбіз. Карьерге де бірге барамыз, зауытта да біргеміз, үйде де сол адамбыз (күліп). Бір-бірімізден демалатын сәттерді де белгілеп алатынбыз. Үйде ерлі-зайыпты ретіндегі, әке-шеше ретіндегі рөліміз бар. Ал жұмысқа келгенде серіктестер рөліне көшеміз деп келісіп алғанбыз. Барлық мәселені бірге шешеміз, ақылдасамыз. Ерлі-зайыпты әрі серіктес ретінде кеуіміздің де жолымыз болған.
Оның үстіне өзім үйде отыра алмайтын әйел екеніме көзім жетті. Энергиям баршылық. Бір сәтте бірнеше нәрсемен айналыспасам болмайды. Зауыт салып жүріп, бала босанып жүріп, психология факультетіне түсіп алдым. Оны оқып бітіріп, диплом алдым. Оның арасында курстар оқимын, құрбыларыммен кездесемін. Мұның бәрі маған қиын емес, керісінше күнделікті өмір деп қараймын.
Негізі бәрі өз қолымызда. Мен де, жолдасым да өте қарапайым отбасынан шықтық. Шетелде оқып келмедік, еліміздің орта білім беру мекемелерінде оқыдық. Қазақстандағы университетті бітірдік. Қазіргі күніміз еңбек мен шыдамның арқасы болар.