Астана халықаралық қаржы орталығында XII Халықаралық «Антиконтрафакт» форумы аясында темекі және никотин өнімдерінің контрабандасы мен контрафактісіне арналған баспасөз конференциясы өтті. ЕАЭО елдерінде контрабандалық темекі сатылымынан түсетін салықтың жалпы көлемі кейінгі жылдары шамамен 1,9 миллиард АҚШ долларға жеткен. Бұл тұрғыда ең көп зардап шеккен ел – Ресей. Былтыр ел экономикасына келтірілген шығын 130 миллиард рубль ($1,4 млрд) болған. Ал ЕАЭО-ның екінші ірі қатысушысы – Қазақстан 2023 жылы 32 миллиард теңге ($69 млн) көлеміндегі салық түсімінен айырылды.
Конференцияға қатысқандар заңсыз айналымның ауқымын, оның экономика мен халық денсаулығына тигізетін әсерін және мәселенің шешу жолдарын талқылады.
Мәселе ауқымы мен экономикаға әсері
Тәуелсіз NielsenIQ зерттеу агенттігі мәліметі бойынша, Қазақстандағы темекі өнімдерінің заңсыз нарығы кейінгі үш жылда үш есеге артқан – 2024 жылы бұл көрсеткіш 10,1%-ке жетті. Мұндай өсу тенденциясын тәуелсіз сарапшылар кейінгі бірнеше жыл бойы байқап келеді әрі оның бұл сипаты тұрақты екенін айтып отыр.
Жеткізу арналары әртүрлі. Қолданыстағы схемалардың бірі мынадай: алдымен заңсыз жүк Біріккен Араб Әмірліктерінен Иранға паромдар арқылы жеткізіледі. Кодан кейін тауар жүк көліктеріне тиеліп, Иран, Ауғанстан және Тәжікстаннан транзитпен өтеді. Соғды облысында жүк тәжік-қырғыз шекарасынан өтіп, Ош пен Бішкек арқылы Қазақстанға жетеді. Қырғызстан астанасынан заңсыз темекілер Қазақстанға «Айша Бибі», «Қордай», «Сыпатай батыр», «Гродеково», «Кеген» сияқты негізгі бес бақылау-өткізу бекеті арқылы кіреді де, одан әрі Ресейге транзитпен жеткізіліп, бір бөлігі көршілес ел аумағында қалады.
Мемлекеттік кірістер комитеті жанынан контрабанда мен контрафактіге қарсы күрес бойынша Оперативтік штаб құрылды. Оның бас міндеті – нарықтағы барлық қатысушының күш-жігерін біріктіру.
QazSpirits қауымдастығының атқарушы директоры Дмитрий Жуков ең көп таралған контрабандалық темекі брендтерін айтып өтті.
Қазақстан нарығындағы ең кең таралған контрабандалық темекі брендтері – Oris (54,2%) және Oscar (7,8%). Контрафактіге қарсы күресте ел азаматтарының заңсыз өнім сату фактілері туралы хабарлауы маңызды рөл атқарады. Алайда бұл мәселені шешуге мемлекет белсенді қатыспаса, жағдай бақылаудан шығып кетуі мүмкін. Контрабандалық жолмен жеткізілген темекілердің заңсыз айналымына бағытталған тексерулер мен үйлестірілген шаралар қылмыстық схемаларға соққы беріп қана қоймай, салықтық түсімдерді де айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді, – деді Дмитрий Жуков.
Қоғам мен экономикаға әсері
Темекі өнімдерінің контрабандасы жан-жақты зиян келтіреді. Ел бюджеті шығынға ұшырағанынан бөлек, заңсыз нарық ұйымдасқан қылмыстың, сыбайлас жемқорлықтың өсуін ынталандырып, халық денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді.
Темекі бұйымдары мен никотин өнімдері нарығы сияқты күрделі әрі сезімтал салаларға екі өзара байланысқан зерттеу бағытын біріктіретін тәсіл қолданылады: аймақтық тұрғыда темекі мен никотин өнімдерінің бөлшек сауда нарығын тоқсан сайын талдау, яғни Ресей Федерациясының әр субъектісін жеке бағалау; заңсыз айналым үлесін анықтау үшін далалық зерттеулер жүргізу. Мұндай жүйелі тәсіл нарықта болып жатқан жағдайды толық әрі нақты көрсетеді, мемлекеттік комиссия шешімдерін әзірлеу мен темекі өнімдерінің заңсыз айналымын барлық деңгейде тоқтату бойынша басқарушылық шешімдер қабылдауға негіз болады, — деп түсіндірді «Ұлттық құзыреттілік ғылыми орталығы» АКЕҰ директоры Ирина Бушина.
Шешімдер мен инновациялар: Контрабандалық тізбекті қалай үзуге болады?
Баспасөз конференциясында заңсыз саудамен күреске бағытталған мынаай бірқатар шара ұсынылды:
- Ғылыми тәсілдерге негізделген теңдестірілген акциз саясатын әзірлеу.
- Шекаралық бақылауды күшейту. Бұл Қырғызстан шекарасында жүктерді тексеру бойынша бақылауды қатаңдатуды, базарлардағы көтерме саудагерлермен профилактикалық жұмыстарды күшейтуді, Тәжікстаннан Қырғызстанға және Қазақстанның шекара маңындағы аудандарына тасымалдауды қатаң тоқтатуды қамтиды.
- Өнімді цифрлық таңбалау және тауарлар қаншалық заңды екенін тексеру үшін мобайл қолданба енгізу.
Дмитрий Жуковтың айтуынша, Қазақстандағы темекі нарығы көлемі — жылына шамамен 20 миллиард дана. Осы көлемнің ішінде 2023 жылы заңсыз темекі үлесі 1,8 миллиард дана немесе 91 миллион қорап болған. Ақшалай мәнде бұл бюджетке 32 миллиард теңге салық шығынын әкелген.
2024 жылғы сәуірден бастап Ресейде темекі өнімдерін заңсыз әкелуге бес жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза енгізілді. Бұл тәжірибе аймақтағы басқа елдерге үлгі бола алады.