Басты бетЖаңалықтарАлматыда мектептер...

Алматыда мектептер біртіндеп бір ауысымды оқу жүйесіне көшеді

Алматы мектептері бір ауысымда оқуға біртіндеп көшеді. 2025 жылы 43 мектеп аталған оқу форматына ауысады. Бұл туралы қала мәслихаты мәлімдеп отыр.

Алматыда келесі жылы мектептерді сейсмикалық күшейту арқылы жаңарту және жаңғырту жұмыстары жалғасады. 2025-2027 жылдарға арналған тиісті бюджет жобасы алдағы мәслихат сессиясында қаралмақ.

Үш жылдық бюджет жобасына сәйкес, 216 мектепті, 12 интернат мекемесін, 20 колледжді қамтитын 344 мың оқушының білім алуына жағдай жасау үшін шамамен 250 млрд теңге бөлу жоспарда.

Мемлекет басшысының сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында 2025 жылы үш мектептің сейсмикалық күшейту жұмыстары аяқталып, №50 мектеп-лицейі мен Әуезов, Бостандық және Медеу аудандарындағы жеті балабақшада күшейту жұмыстары басталады. Бұған қоса, келесі жылы Зерделі және Шұғыла шағын аудандарында екі мектептің құрылысы аяқталып, 12 мектеп жаңартудан өтеді. Алматыда 2023-2024 жылдары 11 мектептің күрделі жөндеуі сейсмикалық күшейту арқылы аяқталды, – деп атап өтті мәслихаттан.

Сонымен қатар келесі жылы мегаполисте ұлттық «Жайлы мектеп» жобасы аясында 24,2 мың оқушы орнын қамтамасыз ететін 14 мектеп пайдалануға беріледі. Жаңа оқу жылына қарай оқушы орындарының тапшылығы 3-4 мың орынға дейін азаяды.

Қабылданған шаралардың арқасында Алматыда мектептер біртіндеп бір ауысымды оқу жүйесіне көшірілмек. Келесі оқу жылына қарай 200-ден астам мемлекеттік мектептің 43-і бір ауысымды оқу форматына көшеді.Биыл 89 мектепке жаңа үлгідегі 168 кабинет сатып алынды. Бұл мектептердің қазіргі заманғы пәндік кабинеттермен жабдықталу деңгейін 86,3%-ке жеткізді,– делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, 2025 жылы Орбита-3, Алтын-Бесік, Құрамыс, Шұғыла және №10 шағын аудандарында бес балабақшаның құрылысын жалғастыру мен жаңартуға қаржы бөлу жоспарланып отыр.

Бұл мемлекет басшысының 2025 жылға дейін үш пен алты жас аралығындағы балаларды 97% мектепке дейінгі біліммен қамту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында қолға алынады.