Бүгінгі таңда үш ауысымда оқытатын мектептердің 57%-і ауылдық жерде – көпшілігі Алматы және Түркістан облыстарында орналасқан.
Бұл туралы үкімет отырысында Олжас Бектенов айтты.
Апатты жағдайдағы мектептердің 76%-і да ауылдық елді мекендерде. Олар негізінен Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында орналасқан.
Олжас Бектенов үкімет отырысында ауыл мен қала мектептерінің арасындағы оқыту сапасының, әсіресе, математика, физика және шет тілдері бойынша біліктілігі жоғары мамандардың тапшылығынан туындаған алшақтықты қысқартудың маңыздылығына назар аударды.
Премьер-министр оқу-ағарту министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, ауыл мектептері мұғалімдерінің біліктілік деңгейін арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар 2025 жылғы 1 қыркүйекке қарай шалғай өңірлерді ерекше назарға ала отырып, ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетке қосуды аяқтау тапсырылды. Өңір әкімдіктеріне әртүрлі үйірмелер мен секциялардың қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін 2025 жылғы қыркүйекке дейін мектептен тыс ұйымдардың комьюнити-орталықтарын немесе филиалдарын ашу жөніндегі жұмысты аяқтау тапсырылды.