Басты бетЖаңалықтарБиыл Қазақстан...

Биыл Қазақстан азаматтары жедел жәрдем қызметіне неше рет жүгінген?

Биылғы жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Қазақстанда жедел медициналық жәрдем бригадалары 7 млн-нан астам шақыртуға барған.

Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Өткен жылмен салыстырғанда шақыртулар санының артуына қарамастан, табысты реанимацияның негізгі көрсеткіші 7,1%-ке артып, барлық жағдайлардың 51,7%-іне жетті.

«103»- ке шақырту түскен сәттен бастап пациентке жеткенге дейінгі жедел медициналық жәрдем бригадасына жетудің орташа уақыты мынадай нормативке сәйкес келеді: жеделдіктің 1-санаты бойынша – 9 минут, жеделдіктің 2-санаты бойынша – 12,3 минут, жеделдіктің 3-санаты бойынша – 17,9 минут, 4-санат бойынша – 24,3 минут.

Жедел медициналық жәрдем қызметі ел бойынша 20 дербес станциядан, 98 қалалық кіші станциядан және 232 аудандық бөлімшеден тұрады.

Облыстық және қалалық жедел жәрдем станцияларында бір ауысымда 1 491 көшпелі бригада жұмыс істейді, республика бойынша шұғылдықтың 4-санатындағы шақыртуларға қызмет көрсету үшін МСАК ұйымдарының жанындағы жедел медициналық жәрдем бөлімшелерінде 446 бригада жұмыс істейді.

Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және 17 облыста шақыртуларды автоматтандырылған басқару жүйесімен жарақтандыру деңгейі 100% болды.