Елімізде 12 жасқа дейінгі балаларды үйде жалғыз қалдыруға тыйым салынуы мүмкін

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева ата-аналарға 12 жасқа дейінгі балаларын үйде жалғыз қалдыруға заңмен тыйым салуды ұсынды.

Динара Закиева Ақмола облысында екі бала жеке үйде электр тоғының тұйықталуы мен түтіннің салдарынан қайтыс болғанын еске салып, жақындарына көңіл айтты. Оның айтуынша, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, барлық қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Оның айтуынша, 2024 жылдың басынан бастап елімізде балалар қаза болған 15 өрт дерегі болған, бұл оқиғалардың денінде балалар үйде жалғыз қалған.

Осы деректерді талдай келе, 12 жасқа толмаған балаларды кәмелетке толған адамдардың қарауынсыз қалдыруға тыйым салу жөніндегі заңнамалық шараларды пысықтау қажет деп санаймын. Әрине, қолдауға мұқтаж отбасылар мемлекет тарапынан көзделген көмек бағдарламаларымен қамтамасыз етілгені маңызды, – деді Динара Закиева.