Әлеуметтік инспекторлар жыл басынан бері халықтың әлеуметтік осал топтарының құқығын қорғау мақсатында 2,4 мыңнан астам тексеру жүргізді.
Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлап отыр.
2024 жылдың басынан бері Қазақстанның барлық өңірінде мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары 2 474 тексеру жүргізді, оның 629-ы профилактикалық бақылау шеңберінде, 655-ы жоспардан тыс, 1 190-ы прокуратураның талабы бойынша, — деп жазылған хабарламада.
Тексеру қорытындысы бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы 949 ұйғарым берілді, сонымен қатар жалпы сомасы 215,8 миллион теңгеден астам айыппұл түрінде 961 әкімшілік жаза қолданылды.
Мәселен, Абай облысында қоғамдық бірлестіктің өтініші бойынша мүгедек адамдар үшін қолжетімді ортаның болмауына байланысты сауда үйлерінің біріне жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша субъект айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сонымен бірге заң бұзушылықты жою туралы нұсқама енгізілді.