Басты бетЖаңалықтарЖемқорлардан тәркіленген...

Жемқорлардан тәркіленген ақшаға 55 жаңа мектеп салынған

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен толықтырылып келеді.

Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлап отыр.

Мектептерде орын жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында жаңадан білім беру ұйымдарын салу немесе жаңғырту, оған жапсарлас құрылыс салу жүзеге асырылып жатыр.

Қор құрылған уақыттан бастап еліміздің бірқатар өңірлерінде 92 мың оқушы орнына арналған 82 мектептің құрылысы қаржыландырылды.

Мемлекет балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Бүгінгі таңда 70 мыңға жуық орындық 55 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы жеті нысанды іске қосу жоспарланып жатыр, — деді инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқарма басшысы Жайық Мақсұтов.

Осылайша, 2024 жылдың басынан бері 18 жаңа мектеп салынды. Бұл мектептердің басым бөлігі Астана қаласында және Маңғыстау, Алматы, Жамбыл облыстарында орналасқан. Жаңа мектептерде жайлы білім алу ортасын құру үшін қажетті жағдайлар жасалған.

Аталған өңірлердегі бұл мектептердің құрылысы тоғыз білім беру ұйымының, оның ішінде, алты үш ауысымды, екі апатты және бір ескі мектептегі орын тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік берді.