Басты бетЖаңалықтарҚазақстан жеті...

Қазақстан жеті жылда 6 млн тонна мұнай өнімін сырттан сатып алған

Мәжілісте мұнай-газ саласын дамыту саясатына арналған үкімет сағаты өтіп жатыр. Саладағы өзекті проблемаларды депутат Еділ Жаңбыршин баяндады.

Мұнай өңдеу қуатын ұлғайту және мұнай өнімдерінің сапасын арттыру мақсатында үш мұнай өңдеу зауытын жөндеуге және жаңғыртуға 2 трлн теңге жұмсалды. Бұл ретте мұнай мен газ конденсатын өңдеудің жыл сайынғы көлемі 18 млн тоннадан аспайды. Еліміздегі ішкі нарыққа қажетті мұнай өнімдерін жеткізуді тек отандық мұнай өндіру компаниялары қамтамасыз етіп отыр. Жоғарыда айтқанымыздай, олардың мұнай өндіру көлемі азаюда. Сонымен қатар бізде жыл сайын мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалады. Ол импорт есебінен жабылады. Мұнайдың үстінде отырған мемлекет үшін бұл нонсенс, — деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан бензин, авиациялық отын, дизель отыны бойынша импортқа тәуелді. Жеті жыл ішінде елімізге 6 млн тоннадан астам мұнай өнімдері импортталған.

Демек, еліміздегі жанар-жағармай өнімдерінің дефицитін негізінен Ресей мемлекетінен импорттап отырмыз. Бұл мәселені шешетін уақыт келді. Осы ретте, жаңа ғана министрдің баяндамасында алдағы сегіз жылда мұнай өндіруді 56%-ке көтеріп, 28 млн тоннаға жеткізу жоспары бар екенін естідік. Бірақ, бұл жоспардың уақытында орындалатынына күмәніміз бар, — деді Еділ Жаңбыршин.