Ішкі істер органдарындағы ең негізгі де жауапты қызметтің бірі – тергеуші жұмысы. Тергеушінің жұмысы адам тағдырына тікелей ықпал етеді. Қылмыстық іс бойынша дәлелдерді толық жинақтау, әділ әрі сауатты жүргізу – жоғары кәсіби шеберлікті талап етеді. Ерғали Қарсыбаев жиырма бес жылдан бері осы салада. Қазір Түркістан облысы ПД Сайрам аудандық Полиция басқармасы бастығының орынбасары лауазымында қызмет атқаруда.
Ерғали Қарсыбаев қазір осы салада бірқатар жастарға тәлім-тәрбие беріп жүр. Ол ішкі істер органына 2000 жылы келген. Он жылдық мектепті бітіргеннен кейін Қарағанды қаласындағы Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, 1999 жылы заңгер-құқықтану мамандығы бойынша диплом алады. Еңбек жолын Шымкент қаласы ҚР ІІМ Б. Момышұлы атындағы ШЗК инспектор болып бастайды.
Содан кейін 2002 жылы Шымкент қаласы ҚР ІІМ арнайы училищесінің кадр және тәрбие бөлімінің бастығы, анықтаушы, аға анықтаушы, тергеуші, аға тергеуші, есірткіге қарсы қылмыстар және мүлікке қарсы қылмыстарды тергеу бөлімінің аға тергеушісі, анықтау бөлімінің бастығы, мүлікке қарсы қылмыстарды тергеу бөлімінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, тонау және қарақшылық қылмыстарды тергеу бөлімшесінің бастығы, Шымкент қалалық Ішкі істер басқармасы тергеу бөлімінің бастығы, әр жылдары Түркістан облысы ПД Ордабасы, Келес, Қазығұрт АПБ бастығының орынбасары, 2022 жылы Түркістан ҚПБ тергеу бөлімінің бастығы, 2023 жылы Түркістан облысы ПД Тергеу басқармасы жеке тұлғаларға қарсы қылмыстарды тергеу бөлімінің бастығы сынды жауапты лауазымдарды атқарды.
Әр мамандықтың өзіне тән қиындығы мен қызығы болады. Әрбір мамандық қоғам үшін жауапты және құнды. Сол секілді полиция қызметі – қай кезде де жауапты әрі қауіп пен қатерге толы. Күн-түн демей, уақытпен санаспай жұмыс істеуге тура келеді. Ерғали Рахманбердіұлының айтуынша, қуанышы мен қиындығы қатар жүретін мәртебелі мамандыққа қашан да табандылық пен төзімділік керек.
– Қиындығы – оқиға болған орынға барғандағы көріністер. Қылмыстың неден басталғанын тергеп тексереміз. Содан соң іс әрі қарай сотқа жолданады. Қуанышы – тапсырылған іс әділ һәм шынайы ашылып, оң шешімін тауып жатса, иығыңнан ауыр жүк түскендей демаласың. Қиындықты сабырмен жеңуге тырысамын. Шынымды айтсам, мені қоғамдағы жастардың тәртібі қатты алаңдатады. Себебі, жалындаған жастар әлеуметтік желіден немесе ғаламтордан көрген теріс қылыққа әуес, соны қайталауға тырысады. Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деген. Жастардың өзін тәртіпке сап, спорт, өнер үйірмесіне қатысып, аулалық жарысқа атсалысып пайдалы іспен айналысқаны дұрыс. Азамат болып ер жеткеннен бері ауданның құқық қорғау саласында қызмет еттім. Шүкір, көп тәжірибе жинадым. Бауырларыма қамқор болып, балалы-шағалы болдым. Осы жасқа келгенге дейін соңымыздан көптеген мықты кадрлар ерді. Тәлімгер болып, білікті мамандардың өсуіне, қызметті адал атқаруына үлес қостым. Аға буын өкілі ретінде бөлім басшылығы ардақтап, құрметтейді. Инспекторлықтан бастап бөлім бастығының орынбасарына дейін көтерілдім. Атқарған қызметіме көптеген наградалар берілді. Ең бастысы халықтың тыныштығы үшін аянбадық. Талай қылмыстың алдын алдық, дер кезінде ашылуына атсалыстық, – дейді кейіпкеріміз. Алғыс – еңбекке берілген баға. Бұл тұрғыда Ерғали Қарсыбаев көптеген марапатқа ие. «Ішкі істер органдарында 10, 15, 20 жыл мінсіз қызметі үшін», «Тергеу қызметіне 50 жыл», «Тергеу қызметіне 60 жыл», «ІІО үздік қызметкері», «ІІО құрылуына 30 жыл» төс белгісімен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен және түрлі мекеменің Алғыс хаттарымен марапатталған. Сонымен қатар 2014 жылы облыс, республика көлемінде «үздік тергеуші» номинациясының жеңімпазы атанды.
– Біз көптеген шағымдармен жұмыс істейміз. Бүгінде ең көп белең алған қылмыстың бірі – интернет алаяқтық. Одан бөлек адамдарға көбінесе пәтер алып беру мәселесіндегі қылмыстың саны азаяр емес. Бүгінде халықтың басым бөлігі пәтер жалдап тұрады. Сондықтан, адамдардың көбі тез арада, тиімді бағамен пәтер алуға ұмтылады. Ал алаяқтар соны өз пайдасына асырады, – дейді полиция полковнигі. Әңгіме барысында тергеуші алаяқтық қылмыстардың жазасын күшейту керектігін де атап өтті. Себебі, олар қаншама жанның ақшасын алдап алып, 7-8 жыл абақтыда жазасын өтесе де шыға сала баяғы әдетіне басады екен. Және жәбірленушілерге шығындарын қайтармайтын да көрінеді. Сондықтан да қатаң жаза қолданылса, алаяқтық қылмысының саны азаяр еді.
– Алаяқтар интернетте қымбат заттардың бағасын төмен бағамен сатуға акция жариялайды. Содан кейінгі олардың айласы алдын ала төлем жасату. Сонымен қатар, қазіргі таңда адамдардың басым бөлігі қосымша табыс көзін табуға ниетті. Халықтың осындай әлсіз тұсын дөп басатын алаяқтар, оларға аз уақытта қомақты табысқа кенелетінін айтып сендіреді. Сол себептен барша халыққа айтамыз: бөтен адамды танымай, шынайылығына көз жеткізбей тұрып, алдын ала қаражат жібермеңіздер, – дейді Сайрам аудандық Полиция басқармасы бастығының орынбасары.
– Алаяқтық санатындағы қылмыстарды тіркеп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізу ОҚО ІІД басшысының бұйрығымен 2015 жылдың 1 қаңтарынан бері бізге жүктелген. Сол жылы 4141 алаяқтық оқиға тіркеліп, оның 847-сі ауыр санаттағы қылмыс деп танылған болатын. Тергеу, тексеру амалдарынан бөлек, біз алаяқтардан сақтандыратын түрлі бейнероликтер дайындадық. Плакаттар мен парақшалар таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде 2016 жылы алаяқтық бойынша тіркелген қылмыстық іс 33,9% -ға төмендеді. Алаяқтар өзін «әкімдікте, мансап орталығында, жер қатынастары немесе тұрғын үй бөлімінде қызмет етемін» деп алдайды. «Жұмысқа орналастырамын», «пайызсыз несие алып беремін», «жер, пәтер алып беремін немесе кезегіңді жылжытып беремін» деген сынды түрлі жалған уәделерді айтып, олардан сол қызметі үшін әртүрлі көлемде қомақты ақша беруді талап етеді, – деді ол. Ерғали Рахманбердіұлы кезінде алаяқтық санатындағы ауыр қылмыс жасаған Б. есімді азаматшаның 7 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылғанын айтып өтті. Ол түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында кезектен тыс немесе мерзімінен бұрын пәтер алып беретінін айтып, Шымкент қаласы тұрғындарының сеніміне кірген. 2016 жылы Б. есімді азаматша 500 мыңнан 5 млн теңгеге дейінгі көлемде қаржылай пара алып, 42 адамды алдап кеткен. Тергеу кезінде айғақтарды анықтағаннан кейін сот 6,5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Бірақ, бұл қылмыскерге алданған тағы 11 адам анықталып, қамауға алу мерзімі 7 жыл 2 айға ұзартылған болатын. – Тағы бір оқиғаны айтсам, аудандағы бір зейнеткерді «ай сайын есепшотыма 35 000 теңге аударып, бір жылда пәтер алып беремін» деп алдаған Г. есімді азаматша алаяқтықтың жеңіл түрі бойынша жауапқа тартылды. Алдаудың түр-түрі бар, алданғандар да өзінің сенімсіздігі мен шыдамсыздығының құрбаны болып жүр. Қазақта «сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деген даналық бар. Сабыр сақтап, кезектің жылжу тәртібін бақылаудың орнына, ертерек баспаналы болудың жолын қарастыратын да өзіміз. «Мен осы мекемеде істеймін, сенің тілегіңді орындап беремін» дейтіндерге сенетін де өзіміз. Сұрағанын қолына ұстатып жіберіп, «осы мекемеде қызмет ететіндер ақшамды алып, қызметін көрсетпей алдап кетті» деп дау шығаратын да өзіміз. Ондай адамның жұмыс істемейтінін білгенде сан соғып, арызданатын да өзіміз, – деді ол.
Біздің аңғарғанымыз, Ерғали Қарсыбаев талай жылдар бойы тергеу, анықтау бөлімдерінде шыңдалып, полициядағы еңбек жолдарында түзу жолмен, іскерлігімен, майталмандығымен танылған басшы мен оның орынбасарларының қызметін мінсіз атқарып, ел мүддесі үшін жұмыс жасап келе жатқанына нық сенімдеміз. Біздің кейіпкеріміз тек абырой биігінен көріне берсін деген ниеттеміз.
