Түркістан облысының 34 полицейі министрліктен мерекелік марапат алды

Қазақстан халқы 30 тамызда Конституция күнін атап өтті. Елдің негізгі заңы Қазақстан халқының ерік-жігерін, олардың мемлекетті демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде құруға деген ұмтылысын көрсетеді, оның ең жоғары құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Айтулы мерекеге орай ерлігімен және еңбегімен көзге түскен полицейлер марапатталды.

Аталған мереке қарсаңында Түркістан облысының 180-нен астам полицейі қошаметке ие болса, сонымен қатар қаза тапқан полицейлердің аналары мен жарларына да сый-құрмет көрсетілді.

Жиын бірінші кезекте қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полицейлердің аналары мен жұбайларына сый-құрмет көрсетуден басталды. Жұлдызы ерте сөнген полицейлердің туыстарына естелік сыйлықтар мен алғыс хаттарды Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов табыс етті. Мерекелік іс-шарада ұмытпай, елеп-ескеріп, құттықтап, шақырту жіберіп тұратын полиция басшылығына қаза тапқан полицей Мұхтар Дәуренбековтің жұбайы Динара Жипсыбаева алғысын жеткізді. Жұмыстарына табыс, қызметтеріне биік абырой тіледі. «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен полиция подполковнигі Д.Сартаев, «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен полиция капитаны Қ.Алекешов, полиция капитаны Б.Махатов, полиция аға сержанты Н.Асанов, ҚР ІІМ-нің Грамотасымен полиция майоры Ғ.Көшкінбаев, полиция майоры Н.Қамбаров, ҚР ІІМнің Алғыс хатымен полиция подполковнигі Ә.Бүркітбаев, полиция капитаны М.Тастемір марапатталды.

Сонымен қатар, қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін департаменттің грамотасымен – полиция аға лейтенанты М.Темірхан, қатардағы полицей Д.Аманов және Ұлттық Ұлан №6506 әскери бөлімі қызметкерлерінен майор С.Жолаев, капитан Б.Нәлібай, кіші сержант Д.Маратовтар марапатталса, Алғыс хатпен полиция капитаны А.Алғабай да құрметтелді. Өз кезегінде департамент қызметкерлерінің ішінен жүздеген қызметкер генерал-майор Мұрат Талапұлының Алғыс хатын иеленді. Полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов халық пен елге қызмет етуді өзіне азаматтық борыш санаған тәртіп сақшыларын марапаттарымен құттықтай отырып, еңбектеріне табыс, қызметте абырой тіледі.

Сондай-ақ Конституция күні қарсаңында Полиция департаментінің үлкен мәжіліс залында жеке құрам қызметкерлеріне «Ата Заңымыздың» жалпы тарихы бейнеленген хроникалық-деректі фильм көрсетілді. Отанға сүйіспеншілік, қызметтік борышқа адалдықты қалыптастырып, қызметкерлердің рухын көтеру мақсатында жасалған фильмді департаменттің дербес, басқарма бөлімдерінің басшылары мен жеке құрам көрді. Деректі фильмді тамаша лаған тәртіп сақшылары тәуелсіздік алған жылдан, бүгінгі күнге дейінгі аралықта еліміз жүріп өткен жолдар мен Ата Заңымыздың орнығуы, үстемдігі туралы хабардар болды. Ал Тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Шамшат қызметкерлерді тәртіп пен заңдылықты ұстанып, әрдайым Ата Заңымызға адал болуға шақырды.

– Конституция – біздің мемлекеттілігіміздің берік тірегі, негізгі заң. Ол ел басшылығы жүргізіп жатқан ауқымды өзгерістердің сенімді іргетасы болып табылады. Патриотизм, әділдік, еңбекқорлық, ел мен отбасы алдындағы жауапкершілік сияқты асыл қасиеттерді бойға сіңіріп, халыққа қалтқысыз қызмет ете беріңіздер. Мереке құтты болсын!, – деп атап өтті. Шара соңы елімізге танымал өнер жұлдыздарының ән шашуымен ұласты. Полицей әнші-өнерлі қызметкерлермен қатар сахнада Нұржан Төлендиев, Бақытжан Мұстафаев және «Семсер» тобының жігіттері әсем ән шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Полиция генерал-майоры халық пен елге қызмет етуді өзіне азаматтық борыш санаған тәртіп сақшыларының еңбектеріне табыс, қызметте абырой тіледі.

Сонымен қатар, Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді. Ата Заңымыздың құрдастары орда бұзар жасқа жақындады. Бүгінде олардың әрқайсысы түрлі жоғары жетістікке жетіп, еліміздің дамуына үлес қосып жүр.

Аталған жас мамандар мемлекеттік қызметте үлгілі болып, еліміздің даму жолында өз іздерін қалдыруға ұмтылады. Оның арасында жас та болса бас болып, басшылық лауазымдарда жүргендері аз емес. Конституциямен құрдас сақшының бірі – Түркістан облысы ПД Ақпараттандыру және байланыс басқармасының бастығы полиция капитаны Бек Шамил.

– Мен Ата Заңымыз қабылданған жылы туғанмын, еліміздегі басты құжат – Конституцияның төл құрдасымын. Бақытты балалық шағымды отбасымның ортасында алаңсыз өткіздім. Бұл елдегі тыныштық пен тәуелсіздіктің арқасы деп ойлаймын. Заңы орныққан, бейбіт те тыныш елде өмір сүру бақыт. Мұндай елдің тәуелсіздігі мен құқықтық жүйесін қорғау бізге үлкен мақтаныш,–деді полиция капитаны Бек Шамил.