Елімізде 1 500-ден аса гидротехникалық құрылыс тексеруден өтті

Су және ирригация министрлігінің бассейндік инспекциялары төтенше жағдайлар министрлігі және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп еліміздегі  1 502  гидротехникалық құрылысқа зерделеу жүргізді.

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Зерделеу су тасқыны кезеңіне дайындық аясында жүргізілді. Тексеру нәтижесінде гидротехникалық құрылыстардың иелеріне анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар берілді.

Айта кетейік, елімізде сегіз бассейндік инспекция бар. Ол Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Ертіс, Есіл, Жайық-Каспий, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай және Шу-Талас бассейндік инспекциялары.

Барлық су қоймалары бекітілген кесте бойынша жұмыс істейді, жоспар су тасқынына қатысты болжамдарға байланысты түзеледі. Көктемгі су тасқыны кезінде еріген қар суын  қабылдауға бос орынды қамтамасыз ету үшін елдің солтүстік, батыс, шығыс және орталық  су қоймаларынан су жіберілді. Қазақстанның оңтүстігіндегі су қоймалары су жинау  режимінде жұмысын жалғастырып жатыр, — деп мәлімдеді су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының міндетін атқарушы Гүлмира Имашева.