Астанадағы екі қабатты жеке тұрғын үйде болған өрт салдарынан қаза болған төрт баланың отбасыларына жергілікті әкімдік көмек береді.
Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Әкімдіктің мәліметінше, өрт болған үйде екі отбасы тұрған. Қайғылы оқиға болған отбасыға психологиялық, материалдық, тұрғын үй және басқа да қажет көмек беріледі.
Қаза болған балалардың жақындарына көңіл айтамыз. Зардап шеккен екінші отбасы уақытша тұрғын үйге орналастырылды. Әкімдік қызметкерлері екі отбасымен тұрақты байланыста болып, барлық қажет көмекті беріп жатыр, — делінген әкімдіктің хабарламасында.
Еске салайық, Астанада екі қабатты жеке тұрғын үйде болған өрттің салдарынан үйдің шатыры құлап, төрт бала — 2 мен 13 жас аралығындағы балалар қаза болды.