Елордада қоғамдық тәртіпті бұзушылармен және вандализмнің кез келген жағдайымен күрес жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары құқық бұзушыларды анықтап, оларды жауапқа тартады.
Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлап отыр.
14 қараша күні таңғы сағат 5 шамасында 29 жастағы астаналық қонақ үйдің алдыңғы есігін сындырып, бөтеннің мүлкін қасақана бүлдірді.
Сол күні сағат 20:30 шамасында елорданың ойын-сауық орындарының бірінде 33 жастағы қала тұрғыны жанжал шығарды. Ашу үстінде ол бөлменің есігі мен қабырғасын әдейі зақымдаған. Осы ісімен шамамен 100 АЕК мөлшерінде материалдық шығын келтірді.
Тағы бір оқиға 11 қарашада түскі уақытта болды. 34 жастағы ер адам қоғамдық орында өзін дөрекі ұстап, өзгелерді қорлаған.
Қоғамдық тәртіпті бұзушылардың бәрі табылып, жауапқа тартылды.