Алматыда 7 жылдан бері салынып жатқан көлік тоннелі пайдаға беріледі

Алматы әкімі Ерболат Досаев Жансүгіров пен Сейфуллин қиылысындағы жолайырықтың құрылыс қарқынымен танысты.

Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Жоба 2017 жылы қолға алынды. Алайда 259 жер телімін сатып алу қажеттігіне байланысты ұзаққа созылып кетті. Соңғы жер учаскесі биыл мамыр айында босатылды.

Жоба бойынша Сейфуллин даңғылында көліктердің үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 690 метр болатын екі тоннель салу қарастырылған. Ал Жансүгіров көшесі бойынша көлік қозғалысы жер деңгейінде жүзеге асады. Сонымен қатар, төрт жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі, тротуарлар және іргелес аумақты көгалдандыру жоспарланған. Қазір барлық бұрылыс жолға асфальтбетон жабыны төселіп, бір жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынды, сонымен қатар кәріз және байланыс желілерін қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар Сейфуллин даңғылындағы «Батыс» және «Шығыс» тоннеліне асфальтбетон жабын төсеу аяқталды. Алдағы демалыс күндері қозғалыс ашылады. Ауа райы қолайлы болса уақытша жол таңбаларын сызу жоспарда.

Қала әкімі құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, нысанды абаттандырумен бірге келесі жылдың маусым айының соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Айта кету керек, жолайырық іске қосылғаннан кейін Жансүгіров көшесінің өткізу қабілеті 15%-ке, Сейфуллин даңғылының өткізу қабілеті 20%-ке артады.