Елордада жауын-шашынның көп болуына байланысты коммуналдық қызметтер тәулік бойы ауысымдық режимде жұмыс істеп жатыр.
Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Түнгі ауысымда 1 300-ден астам арнайы техника мен 300-ден астам жол жұмысшысы қар күреуге шықты.
13 қараша күні Астанадан 26 мың текше метрден астам қар шығарылды, бұл 2,1 мыңнан астам ауыр жүк көлемі болады. Қыс мезгілінің басынан бері полигондарға 14,3 мың рейс, яғни 181 мың текше метрден астам қар шығарылды.
Ереже бойынша, жолдарда кептеліс болмас үшін ең алдымен өте қарқынды қозғалыс аймақтары тазартылады. Сонымен қатар орташа қарқындылығы бар учаскелер-алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және тағы басқа орындар қардан тазартылады.
Бірінші кезекте орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигондары бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 14 қараша күндізгі уақытта Астанада күн бұлтты, қар жауып, боран болады.
Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарлардан бас тартуды сұрайды. Төтенше жағдай туындаған кезде «112» телефонына хабарласыңыз, — деп ескертті әкімдік.