Қарашығанақ кен орнында қуаттылығы жылына 4 млрд текше метр газ өңдеу зауыты салынады. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифиңде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев айтты.
Батыс Қазақстан облысында өндіріс саласы тұрақты дамып келеді. Өңір басшылығы инвестиция тарту арқылы өндіріс орындарын ашып, отандық және жергілікті өнім түрлерін көбейтуді басты назарға қойып отыр.
Республика күні қарсаңында мұнай газ саласына қажетті кейбір жабдықтарды өндіретін зауыт іске қосылып, шикізат өндірісіне қажет құрал-жабдықтар өндіріле бастады.
Өңірде өнеркәсіп көлемін арттыру бағытында Қарашығанақты кеңейту жобасы іске асырылып жатыр. Өткен жылы 4-ші компрессор, ағымдағы жылы 5-ші компрессор пайдалануға берілді. Ал 6-ші компрессордың құрылысы аяқталуға жақын. Аталған жоба Қарашығанақ кен орнындағы шикі газды дайындау, кері айдау және газды өндіру көлемін ұлғайтуға бағытталған.
Алдағы уақытта Қарашығанақ кен орнында қуаттылығы жылына 4 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу жоспарланып жатыр. Қазір осы бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Болашақта жаңа газ өңдеу зауытының іске қосылуы тұрғындарды, елде өндірілген тауар газымен қамтамасыз етуге серпін береді.