Елдос Сметов
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Парижде өткен Олимпиада ойындары жүлдегелері мен олардың ізбасарлары қаржылай сыйақы алды. RG Brands Олимпиада-2024 ойындарында медаль алған спортшыларға 3,5-8 миллион теңге аралығында сыйақы табыстады. Оған қоса олардың ізбасаларына 1,5-4 миллион теңге аралығында қаражат беріп, қолдау көрсетті.

Алматыда ұйымдастырылған іс-шараға Парижде өткен Олимпиада ойындарының жүлдегерлері, өзге де спортшылар, RG brands компаниясының өкілдері мен журналистер жиылды. Маңызды іс-шараның шымылдығын директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәжібаев ашты. Қайрат Мәжібаевтың айтуынша, бүгінгі жиын арқылы олар Олимпиада жеңімпаздарын құттықтап, жазғы шараны қорытындылап, оған қоса мансап жолын бастап келе жатқан жас спортшыларды демегісі келген.

Қайрат Мәжібаев
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

LAVINA брендінің бұл бастамасы шынымен де халықтық шараға айналды. Ел азаматтарының бұл бастаманы белсенді қолдағанына ризамыз. Бұл үлкен трендке айналып, ел спортын қолдауға бағытталған ауқымды шараға айналады деп сенгіміз келеді. Парижде ел намысын қорғап, өнер көрсеткен Олимпиада жеңімпаздарымен бірге қуандық. Өзім шетелде іс-сапарда жүрсем де, спортшыларымыздың жарысын бақылап отырдым. Оларға спорттағы ерен еңбегі мен болашақ жеңімпаздарды биік белеске жетелейтін жолды көрсеткені үшін алғыс білдіреміз, — деді Қайрат Мәжібаев.

Іс-шарада Елдос Сметовке, Нұрбек Оралбайға, Демеу Жадыраевқа, Назым Қызайбайға, Ғұсман Қырғызбаевқа, Александра Леға, Ислам Сатпаевқа, Нариман Құрбановқа 3,5 миллион теңге мен 8 миллион теңге аралығында сыйақы берілді.

Ғұсман Қырғызбаев
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Александра Ле
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Нұрбек Оралбай
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мұндай қолдау спортшылар үшін өте маңызды. Осының арқасында біз алға қойған мақсаттарымызды жүзеге асыра аламыз. Олимпиададағы жеңіс — еңбегіміздің жемісі. Ал жарыстарға дайындық немесе күнделікті жаттығулар кезіндегі қолдауды көргенде, мүлде басқа сезімде болады екенсің. Кездесуге жас спортшылармен бірге келдік. Қазірден бастап оларға жиған тәжірибемізді үйретіп жатырмыз. Өскелең ұрпақты қолдау – ата-бабамыздан қалған өсиет. RG Brands команиясы жастарды демеп, ортақ құндылықтарымыз бен мақсатымызды қолдап жатқанына қуаныштымыз. Осындай қаржылай, материалдық қолдаудың арқасында спортшылар экономикалық жағдайына алаңдамай, спортқа ден қоя алады. Оған қоса басқа да балаларды, жастарды, жасөспірімдерді спортқа қызықтыра аламыз, — дейді Олимпиада чемпионы Елдос Сметов.

Елдос Сметов пен Данияр Шамшаев
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Іс-шараның ерекшелігі — тек жеңімпаздар емес, басқа да жас спортшылардың ескерілгені. Қайрат Мәжібаевтың айтуынша, қазақ халқы үшін ізбасардың маңызы зор. Сол себепті RG Brands қазақтың осы мәдениеті мен ұстанымын негізге алып, жеңімпаз спортшылардың ізбасарларын ынталандыру үшін қазірден бастап қолдайық деп шешкен.

Бүгін ақшалай сыйлықты өткен Олимпиаданың жеңімпаздарымен қатар, батырларымыз өздері қолдаған жас спортшыларға да табыстаймыз. Жақын арада олар әлемнің беделді жарыстарында Қазақстан намысын қорғайды. Біздің компаниямыз болашаққа әркез үлкен үмітпен қарайды. Жас спортшылардың арқасында қазақ елінің көк байрағы әлі талай рет көтеріледі деп сенеміз, — дейді Қайрат Мәжібаев.

Олимпиада жүлдегерлері бүгінгі жиынға болашағынан үміт күтетін ізбасарлары ретінде бір-бір жас спортшыны әкелген. Ислам Сатпаев мерген Эльдар Иманқұловты, Александра Ле мерген Матвей Тимофеевті, Назым Қызайбай боксшы Рано Пархатованы, Ғұсман Қырғызбаев дзюдошы Шерхан Нұрлыханды, Демеу Жадыраев балуан Ерасыл Нұрбосыновты, Нұрбек Оралбай боксшы Дамир Әбдіқадірді, Елдос Сметов балуан Данияр Шамшаевты ертіп келген. Компания оларға 1,5-4 миллион теңге аралығында сыйақы берді.

Нұрбек Оралбай
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Боксшы Нұрбек Оралбайдың айтуынша, Қазақстанның туын көтеру үшін еңбектеніп жүрген әрбір спортшыны қалай қолдаса да жарасады. Дегенмен ол ізбасары Дамир Әбдіқадірдің болашағынан көп үміт күтетінін жеткізді.

Мұндай қолдау бізді жігерлендіреді. Қайрат мырза Олимпиадаға дейін де бізге ақыл-кеңесін айтып, көмегін беріп шығарып салған еді. Қазір де марапаттап, қуантып жатыр. Биыл күміс алсам, келесі Олимпиадада алтын алу үшін бар күш-жігерімді саламын. Ал ізбасарым ретінде Дамирді таңдап алдым. Дамирмен бір жатақханада тұрдық, бірге жаттықтық. Оның қабілетінің, жігерінің қаншалық мықты екенін білемін. Әрине, жарыста кімнің жеңетіні рингте шешіледі. Десе де, бұйырса, 2028 жылы Лос-Анжелесте өтетін Олимпиадаға қатысып, жақсы нәтиже көрсететініне сенемін, — дейді Нұрбек Оралбай.

Дамир Әбдіқадір 12 жылдан бері бокспен айналысып жүр. Ол өзіне сенім артып отырғандарға алғыс білдірді.

Дамир Әбдіқадір
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бүгін осындай сыйақы алатынымды білмедім. Әрине, қуанып отырмын. Бүгіннен кейін үмітім де, жауапкершілік те, шабыт та арта түсті, — дейді Дамир Әбдіқадір.

Іс-шарада спортшылардың жаттықтырушысы да назардан тыс қалмады. Спортшыларды жарысқа дайындап, жетістікке жеткізген бапкерлердің әрқайсына 1,5 миллион теңге және RG Brands өнімдерінің бір жылдық қоры табыс етілді.

Мұндай іс-шараға бірінші рет қатысып отырмын. Компания тек жеңімпаздар мен бапкерлерді емес, ізбасарларын да ескеріпті. Бұл кәсіпкерлердің көрегендігі деп білемін. Осылай, олар жас спортшыларға мотивация беріп, сенімін арттырып жатыр, — деді дзюдошы Ғұсман Қырғызбаевтың бапкері Ермек Қадірбекұлы.

Ермек Қадірбекұлы, Нұрбек Оралбайдың бапкері
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бір айта кетері, Олимпиада кезінде ел тұрғындары қазақстандық спортшыларды қолдау шарасына қатысуға мүмкіндік алды. RG Brands компаниясынан сатылған әрбір Lavina баскасынан түскен қаржының 50 теңгесі автоматты түрде жүлде қорына аударылды. Шара кезінде бір миллионнан астам банка сатылды.