Тоқыма өнері біздің елімізде өте қатты дамыған. Өйткені біз шет елдерге барғанда адамдар туындыларымыздың композициялық құрылымына, танымдық философиясына өте қатты таң қалады. Сапасы да жоғары деңгейде.

Әсіресе, Ресейде бізді жақсы таниды. Біз олардың заманауи гобелен өнеріне арналған «Триеннале» фестивалінен бір емес, екі рет бас жүлдені жеңіп алдық. Бірінші ретінде жай ғана қонақ болып қатысқанбыз. Сосын комиссия біздің жұмыстарымызды көріп, композициялық құрылымына таң қалды. Фестиваль шарттарын бұзып, «Пророк» жұмысы үшін бас жүлдені берді.

Гобелен өнері. Авторы: Бауыржан Досжанов
«Пророк» туындысы. Сурет: ©SZH.kz

Одан өзге «Шебер» қолөнершілер байқауының, «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің, Халықаралық Art Week өнер аптасының жүлдегерімін. Биыл «Өнер саласына қосқан үлесі үшін» деп Президент қорының жүлдесін алдым.

«Тарихи-мифологиялық жанрда жұмыс істеймін»

Мен көбінесе тарихи-мифологиялық жанрда жұмыс істеймін. Сосын батырлар мен палуандар, солардың өмірлері қатты қызықтырады. Мысалы, түркілерде Ашина деген жауынгер бар. Түркі халқының философиясы бойынша, бір елге жау шабады да, одан жалғыз бала аман қалады. Оны бір қасқыр асырап алады. Ашина жауынгер болып өседі. Кейін түркі елін құрады. Сол туралы шығармашылық жұмысым бар.

Бауыржан Досжанов, қолөнер шебері
«Ашина» гобелені ©SZH.kz

Жастардың тоқыма өнеріне деген қызығушылығы қандай?

Қазіргі жастар тез танылып, жетістікке де тез жеткісі келеді. Сондықтан та, өкінішке орай, бұл салаға өте сирек келеді.

Себебі, тоқыма өнері өте көп уақытты талап етеді. Мысалы, қарапайым сызбасын жасаудың өзіне үш-төрт ай, тіпті жарты жыл уақыт кетуі мүмкін. Бірінші қарапайым А4 парағына суретін саламыз. Сосын оны өзіміз жасағымыз келген өлшемге үлкейтеміз. Оны бояймыз. Сурет дайын болғанда станокка жіп керіп, суретті артына фон ретінде қоямыз да, соған қарап тоқимыз. Ал тоқылуының өзіне екі айдай уақыт қажет. Сонда алып қарасаңыз, бір жұмыстың өзін жарты жыл, бір жылда бітіресіз.

Сызбалар
Сызбалар ©SZH.kz
Бауыржан Досжанов, қолөнер шебері
Сызбаның үлкейтілген нұсқасын жасау сәті ©SZH.kz
Гобелен өнері
Аяқталмаған гобелен ©SZH.kz

Оның үстіне материал тапшылығын қосыңыз. Жіпті Ресейден, Украинадан, Балтық елдерінен, Қырғызстаннан арнайы тапсырыспен алдырамыз. Отандық өнімдерді де қолданамыз, бірақ бізде әзірге ондай үлкен көлемдегі материалдар жоқ. Олардың түстерін дұрыс таңдау керек. Әр түстің бірнеше реңкі бар. Соған аса сақ болған дұрыс.

Осы мамандықта оқығанымен шығармашылық жолын жалғастырмай, басқа салаға кетіп қалатындар да көп. Жылына 10-15 бала бітірсе, соның үшеуі ғана осы тоқымада қалуы мүмкін. Менің ойымша, бұл өнерде соңына дейін шынайы таланттылар мен жігерлілер ғана қалады.

Жіптер
©SZH.kz

Мен өзім тоқыма мамандығын Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында оқыдым. Сонда жүріп гобелен өнерімен айналысуды бастадым. Өзіме қатты ұнайды. Студент кезімнен көптеген көрмелерге қатыстым. Солайша өзімнің жеке шығармашылық өнерімді бастадым.

Бұған дейін Түркістан қаласындағы өнер училищесінде, Шымкенттегі Әбілхан Қастеев атындағы көркем сурет колледжінде оқыдым. Ол жерде қолданбалы өнер – керамикада оқыдым. Саз балшықпен жұмыс жасадық. Ұстаздарым жақсы болды.

Гобелен өнеріне келуіме менің ұстазым Базарбаева Раушан Еркенқызы себеп болды. Мені осы мамандықты таңдауға үгіттеген сол кісі. Қазір өкінбеймін.

«Көрмені жиі ұйымдастырамыз»

Жиі көрме ұйымдастырып тұрамыз. Осыған дейін Талдықорғанда, Шымкентте, Ресейде жасадық. Алматыда үш көрмеміз өтті.

Көрменің жарнамаларын өзіміз жасаймыз, журналистер шақырамыз. Сосын Алматы қаласындағы «Белый рояль» галереясы біздің жұмыстарымыздың сатылуына, оған жарнама жасауға көмектеседі. Туындыларымыздың біразы сол жақта.

Шеберхана
Шеберхана іші ©SZH.kz

Туындыларымызды сатып алғысы келген клиенттерді шеберханаға шақырамыз. Өйткені көп адамдар гобеленді сырттай білгенімен, қалай жасалатынынан хабарсыз. Оны өз көзімен көргенде көзқарасы өзгереді, қызығушылық пайда болады.

Қазір Малик Мұқановтың шеберханасында жұмыс істейміз. Ол суретшілер үйінде орналасқан. Бұрынғы КСРО кезінен қалған шеберхана ғой. Бұл жерде жұмыс командамен жүреді. Онда төрт шебер бармыз: мен, Манас Казекеев, Айдос Бөрібаев және Нарбек Абдукаримов. Малик Мұқанов екеуіміз тоқыма өнеріндеміз. Ал басқалары көркемсурет өнерімен айналысады.

Шеберлер қалай күн көреді?

Қазір Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында докторантурада оқимын. Студенттерге сабақ беріп жүрмін. Жалақым күн көрісіме жетеді. Ал шығармашылық жұмыстарым кейде сатылса, кейде өтпей қалады. Өтуі де баққа байланысты. Бірақ жұмыстарымыз Қазақстанда да, шетелде де сатылып жатыр. Бағасы әр кезде әртүрлі. Шамамен 2 мың доллардан бастап, 15 мың долларға дейін баруы мүмкін. Оны жұмыстың композициясына, өлшеміне байланысты бағалаймыз. Егер келген адамға қатты ұнап жатса, жағдайын түсіндірсе, бағасына келісе аламыз.

Гобелен "батырлар"
«Кішкентай кезімде аралармен ойнайтынмын. Оларды ағашпен мазаласаң, саған шабуылдауға дайын тұрады. Сол ойымда қатты қалып қойыпты. Кейін оқу оқып жүргенде соған бір композиция арнағым келді. «Батырлар» осылайша жасалды. Бұнда жауынгерлердің бәрі қорғанысқа дайын тұр. Ортасын қызылмен бердім . Себебі, бұл түс — өмір мен өлімнің түсі. Батырлар өз елі үшін қан төгуге, құрбандыққа баратынын осылайша көрсеттім. Мен көбінесе, минимализмге жұмыс жасаймын», -дейді Бауыржан.
Сурет: ©SZH.kz

Мемлекет тарапынан арнайы тапсырыстар да түсіп тұрады. Мысалы, Назарбаев атындағы зияткерлік 20 мектеп ашылғанда, ішін безендіру үшін арнайы картиналар, гобелендер жасадық. Сосын Қазақстан темір жолынан да үлкен көлемдегі тапсырыстар болды.

Шығармашылық дағарыс болғанда…

Кейде бір жақсы идеялар келіп, соны жасағың келеді. Алайда, қағаз бетіне түсіргенде, ойыңдағыдай болмай қалады. Ізденесің, бәрібір сол. Бұл тақырыпты жауып тастап, жарты жылдан кейін қайтып ораласың. Сол кезде шығуы мүкін. Мысалы, менің бір композицияны ізденіп жатқаныма төрт ай болды. Енді-енді шығып келеді. Ал кейбір сызбаларды бір отырғанда-ақ, бес минутта сызып тастайсың да, қалай істегеніңді өзің де түсінбей қаласың (күліп). Өнер сонысымен де қызық қой.

Шебердің үстелі
Шебердің жұмыс үстелі ©SZH.kz

Шығармашылық тоқырау болған кезде, көбінесе, сол композицияға назар аударып, көп ізденістер жасаймын. Кітаптар оқып, мағлұматтар іздеймін. Қашан жеңгенше бетпе-бет қалып, кәдімгідей күресемін. «Шешінген судан тайынбас» дейді ғой (күліп).

Қолданбалы өнер мамандығына оқуға түсу үшін…

ҰБТ-дан қанша балл жинау керек екенін білмеймін. Бірақ қолөнерге тапсырғысы келген талапкерлер сурет сала білуі, көп оқуы, әрдайым ізденісте болуы керек. Сосын шамалы талантты болғаны жөн (күліп).

Одан бөлек, арнайы оқуын оқымай, бізден келіп үйренемін дейтіндер бар. Былтыр Орал қаласынан бір қыз бен жігіт келіп, үйреніп кетті. Ресейден де бір қыз келген. Үйренемін дейтіндер болса, ешкімнің бетін қақпаймыз. Бәрін тегін үйретеміз. Бірақ адамның талантына, ынтасына қараймыз. Кейбір адамдар тоқыма өнерінің қиыншылығына шыдамайды. Бұл өзі сондай қиын саланың бірі ғой. Сосын жастар өздері келіп, «үйренеміз, үйретіңіз» деп тұрса, неге үйретпеске?

Гобелен көрмесі
Бауыржан Досжановтың туындылары қойылған көрме ©SZH.kz

Болашаққа жоспарлар

Осы гобелен өнерін тағы бір жоғарғы деңгейге көтерсек деген ойдамыз. Келесі жылы шет елдерге көрме өткізуді жоспарлап отырмыз. Келісім-шарттар жасалып жатыр. 2018 жылы Мәскеуде «Триеннале» Ресейлік заманауи гобелен фестивалі болады. Соның аясында Малик Мұқанов, Айдар Жанылхан үшеуіміз өзіміздің жеке көрмемізді жасасақ деп отырмыз.

Сұхбаттасқан Әсел Сарқытсуреттер автордыкі

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

2 пікір

  1. Гобелен өнері басқа көркемдеуші өнерлерден көркем өнер тілінің декоративтілігімен, тоқу ерекшелігімен, түстерінің қанық, әрі молдығымен, қолмен тоқу ерекшелігімен өзгешеленеді. Ал оның туындауы жалғыз, аса үлкен еңбекпен, әрі ұзақ уақыт аралығындағы төзімділікпен туындайтын өнер. Бірақ, өкінішке орай осы жағдай көзге ілінбей көп жағдайда қолмен тоқу өнерінің ерекшелігіне жалған пікір туғызып жатады. Осы өнердің шынымен де қолмен тоқылғаны рас болса, онда бұл туынды еш күмәнсіз «көркем өнер» құндылығы болып табылады.
    Осындай гобелендер – өз деңгейінше және туындау принципі бойынша архаикалық, авторлық концепцияның анықтаусыз, көркем өнер образдық жүйесін өз бойында көрсетпейтін және осы жалғыз туындама үшін автордың ізденіс ықпалы жоқ, негізгі анық бір тақырыпқа сай, өздігінен туындаған зат бойынша ерекшеленген, бірақ, қазіргі заманғы көркем мәдениетіне ұқсамайтын туынды болып табылады.
    Суретшінің жолы ретінде әр суретші өз еңбегіне осы сипатқа қарама-қарсы пікірмен қарау керек деп санаймын, суретші тұйық ойға толы, іштей мақсатты, әрі шынайы өнер тудырушысы сезімінің жауапкершілігі болуы тиіс. Осы жолда гобеленнің декоративті-символдың көркем өнер тілін пайдалана отырып, талмай жаңа техналогиялы әдістерді іздеу, қазіргі заманғы эстетиканың жаны ретінде ерекше көркем өнер стильінің шешімдерін тауып, сонымен қатар қызықты әрі есте қаларлық образдар тауып, соны қазақтың ұлттық ерекшелігін сипаттайтын философиялы-этнографиялық және қазақ халқының тарихи аспектілерін, тұрмыс-салтын, қазіргісі мен ертеңгі күнін сипаттау керек.

  2. Занимательная публикация! Большое спасибо опубликовавшему за внятное изложение материала!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!