Басты бетЖаңалықтарАлматының Әуезов...

Алматының Әуезов ауданында 90%-ке тозған ескі инженерлік желілер жаңартылып жатыр

Алматы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданында жұмыс сапары барысында Мамыр-4 шағын ауданындағы инженерлік желілердің құрылысы барысымен танысты.

Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Бұл шағын ауданда жаңғыртуға дейін тұрғындар 1980-1990 жылдары салынған желілер пайдаланып келген, олар 90% тозған. Биылғы тамыз айында қала әкімінің тапсырмасымен Мамыр-4 шағын ауданында сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу жұмыстары басталды. Жалпы ұзындығы – 12,3 км: сумен жабдықтау желілері – 6,5 км, су бұру желілері – 5,8 км. Инженерлік желілердің құрылысы биыл осы шағын аудандағы 14 өтпелі жолда өтеді, — делінген хабарламада.

Қазіргі таңда су бұру желісінің 2 км және сумен жабдықтау желісінің 1,5 км салынған. Жоба 750-ден астам тұрғыны бар 197 үйді қамтиды. Құрылысты келесі жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланған.

2025 жылы тағы 4 көшеде – Абай даңғылы, Момышұлы, Саин және Мұстай Кәрім көшелерінде желілерді салу жоспарланып жатыр.

инженерлік желі
Фото: Алматы әкімдігі

Ерболат Досаев Әуезов ауданының әкіміне Мамыр-4 шағын ауданында инженерлік желілерді салу жұмыстарын сапалы және белгіленген кестеге сай аяқтауды тапсырды. Қала басшысы барлық үйді жаңа желілерге уақытылы қосу және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту қажеттігін атады.

Айта кетейік, Алматыда инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту белсенді түрде жүргізілуде. Биылғы жылдың 9 айында 219 км жаңа сумен жабдықтау және су бұру желілері салынды, 27,3 км қолданыстағы желілер жаңғыртылды. 2025 жылы тағы 240 км желі салу және 48 км желіні жаңғырту жоспарланған.

Осылайша, қабылданған шаралар кешені арқасында шамамен 100 мың қала тұрғыны үшін инженерлік желілердің жоғары тозуына байланысты сумен жабдықтау және су бұрудың көпжылдық мәселесі шешіледі.