Басты бетЖаңалықтарАлматыда автобус...

Алматыда автобус жүргізушілеріне негізсіз айыппұл салынған

Алматы прокуратурасы автобус иелеріне жылдамдықты асырғаны үшін негізсіз айыппұл салынғанын анықтады.

Бұл туралы қала прокуратурасы хабарлап отыр.

Қала прокуратурасы бас прокуратураның тапсырмасымен автобус иелерін айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманың күшін жоя отырып, негізсіз әкімшілік жауаптылыққа тартудың жолын кесті.

Атап айтқанда 2024 жылғы 17 сәуірде ІІМ бұйрығымен елді мекенде автобустар мен шағын автобустар үшін жылдамдық режимін сағатына 50 шақырымға дейін төмендету туралы құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді. 2024 жылғы 29 шілдеден бастап «Сергек» АБК камералары көрсетілген жылдамдықты асыруды тіркеуге қайта бапталды, — делінген хабарламада.

Алайда жолдарда ақпараттық белгілер орнатылмаған. Бұл, аталған санаттағы көлік құралдарын жүргізушілерінің жылдамдық режимін бұзуына әкеп соқты. Нәтижесінде 5 мыңнан астам автобус иелері айыппұл төлеу жөнінде заңсыз нұсқамалар алған.

Прокуратураның актілері бойынша айыппұл төлеу туралы нұсқаманың күші жойылды, 3 102 кәсіпкерлік субъектісінің және 1 995 азаматтың құқықтары қорғалды. Сонымен қатар айыппұл төлеу туралы нұсқамамен келіспеген көлік құралдарының иелері оған жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) немесе сотқа (ӘҚБтК-нің 43-1 және 44-1-тараулары) дербес шағымдануға құқылы екенін түсіндіреміз, — делінген хабарламада.