Алматы облысының полиция департаменті Хасан Қасымбаевтың ұсталғанын хабарлап отыр.
Өңірдің ПД баспасөз қызметі мәліметінше, азамат К. 2 қарашада уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Ол 2021 жылғы маусымда А-ның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікке ілінген.
Қазіргі уақытта қылмыстардың барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуді қамтамасыз ету үшін тергеу әрекеттерінің кешені жүргізіліп жатыр. Іс материалдары бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа жіберілді, — делінген хабарламада.
Тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жарияланбайды.
Хасан Қасымбаевты кейбір дереккөздер «Хуторские» қылмыстық тобының жетекшісі ретінде атаса, өзі бұл айыптарды жоққа шығарып жатыр. Ішкі істер министрлігі де мұндай қылмыстық топтың бар екендігін растаған жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде 4 қазанға қараған түні 16 жастағы Шерзат Болатты бір топ адам әке-шешесінің көзінше пышақтап кеткен. Жасөспірім ауруханада көз жұмды.
Бұған дейін Шерзат Болаттың отбасы тұрған үйді белгісіз біреулер өртеп кеткенін жазған едік.
Психолог Гүлзат Қанат жасөспрімді ұрып өлтірген адамдардың паталогиялық агрессиясы бар екенін айтқан еді.