Басты бетPushҚазақстанда шетел...

Қазақстанда шетел туристеріне арналған Neo Nomad визасы енгізілді

Елімізде Neo Nomad деп аталатын жаңа виза түрі енгізілді. Бұл виза заманауи көшпенділерге – саяхаттап, қашықтан жұмыс істейтін шетелдегі туристерге арналған. Жаңа визалық режим пандемиядан кейін осындай бағдарламаларды сәтті енгізген 50-ден астам елдің халықаралық тәжірибесін назарға алған. Бұл туралы туризм және спорт министрлігі хабарлап отыр.

Neo Nomad визасын алу үшін шетел азаматы Қазақстаннан тыс жерде тұрақты кірісінің бар екенін дәлелдеуі керек, оның мөлшері айына кемінде 3 000 АҚШ доллары болуы қажет. Сонымен қатар негізгі кіріс талаптарынан басқа, шетелдегі өтініш берушіге медициналық сақтандыру және сотталмағаны туралы анықтама талап етіледі.

Виза қашықтан жұмыс істейтін туристерге, яғни бағдарламалау, маркетиң, қаржы, консалтиң, дизайн және электронды коммерция сияқты түрлі салада қызмет ететін шетелдегі азаматтарға арналған. Виза алғандардың бір жылға дейін Қазақстанда тұруға мүмкіндігі бар. Осы уақыт ішінде олар шетелдегі компанияларда жұмыс істей алады.

Бұл шетелдегі туристерге Қазақстан мәдениеті мен тұрмысын жақынырақ тануға мүмкіндік берсе, елге экономикалық пайда әкеледі. Визаны жылына 500 адам алса, экономикалық әсер шамамен 3,6 млрд теңге болады деп болжанып отыр. Neo Nomad визасын қолданатын шетел азаматтары Қазақстанда тұрып, қаражатын осында жұмсайды, бірақ отандық еңбек нарығына әсер етпейді. Бұл — бағдарламаның маңызды аспектісі.

Туризм және спорт, сыртқы істер, ішкі істер министрліктері және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысын нәтижесінде Қазақстан заманауи көшпенділердің саяхат картасына енді. Олардың әлемдегі саны 35 миллионнан асады, біз оларды елімізге тарту үшін барлық жағдайды жасауды көздеп отырмыз. Әсіресе Алматы мен Астана қалалары нео-көшпенділер үшін тартымды 150 қаланың қатарына кіреді, – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.