Түркістан өңірінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен мақта кластерін қалыптастыру жұмыстары жүріп жатыр. Осы бастама аясында Арыс қаласында мақта өнімділігі мен сапасын ұлғайту жұмыстары қолға алынып, биыл су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы 1,2 мың гектар алқапқа элиталы сортты мақта егілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Бүгінде шетелдік тәжірибе негізінде қолға алынған жаңа су үнемдеу технологиясы өз тиімділігін көрсетуде. Инновациялық әдіс, шаруалар мен инвесторлардың оң бағасын алды. Мақта алқаптарына қолданылған су үнемдеу технологиясы суды, электр қуатын, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды тиімді пайдалана отырып, гектарынан 60-65 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл көрсеткіш байырғы тәсілмен салыстырғанда екі жарым есеге жоғары.
Шаруалардың айтуынша, жаңа технологияның арқасында қоза көсегі толықтай ашылған. Сондай-ақ, алғашқы көрсеткіш өте жақсы болып отыр.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-де орналасқан мақта алқабына арнайы барып, диқандармен және шетелдік инвесторлармен кездесті. Кездесуге қалалық мәслихат депутаттары, ардагерлер, шаруалар және халық қалаулылары да арнайы қатысты.
Кездесудің мақсаты мақта шаруашылығын одан әрі дамыту және ауыл шаруашылығы секторына салынған жаңа шетелдік технологиялармен танысу болды.
Әкім кездесу барысында жаңа жұмыс орындарын құру, оның ішінде жергілікті арыстық азаматтарды бірінші кезекте жұмысқа тарту мәселесіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар жұмысшыларға қолайлы жағдай жасау мәселесіне баса назар аударды. Оның ішінде жатын орын, үш мезгіл тамақпен қамтамасыз ету және санитарлық талаптардың қатаң сақталуы – негізгі міндеттер екенін баса айтты.
Өз кезегінде, компания өкілдері келешекке үлкен жоспарлар қойып отырғандығын жеткізіп, жұмыс істеймін деген азаматтарға мүмкіндіктер мол екендігін айтты. Қазіргі таңда мұнда 200-ге жуық жергілікті азамат еңбек етуде. Олардың айтуынша, мұнда қарапайым жұмысшылардың ең төменгі жалақысы 300 мың теңгеден басталады, және біліктілігіне қарай жалақы жоғарылай береді. Сонымен қатар келесі көктемде егістік маусымына тағы 800-1000 жұмысшы қабылданады деп жоспарлануда. Бұл жергілікті халық үшін үлкен мүмкіндік, өйткені тұрақты жұмыс орындары ашылып, табыс табу мүмкіндігі артады.
Компания өкілдері қазірдің өзінде қарапайым жұмысшыдан бастап, құрылысшылар, тиеуіш, кран айдаушылар қажет екендігін, жұмыс істеймін деген азаматтарға бос жұмыс орындары бар екенін жеткізді.
Осыны ескерген шаһар басшысы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен компания арасында меморандум түзіп, жұмысшыларды осы орталық арқылы жұмысқа тарту бойынша тапсырма берді.
Айта кетейік, Арыс қаласында шетелдік инвесторлармен бірлескен мақтаны терең өңдеу көпсалалы кешені кәсіпорындарын құрып, дайын өнімді экспортқа шығару жоспарлануда. Нәтижесінде жоғары сапалы шикізатты өсіруден бастап, жұқа матадан жасалған киімдер мен жоғары сапалы үй тоқыма бұйымдарын өңдеу мен өндіруге дейін өндірістің толық циклін құруды қамтамасыз етеді. Кезең-кезеңмен пластикалық құбырлар, тамшылатып суару жүйелері, мақта өңдеу бойынша екі зауыт, иіру, тоқу фабрикалары және кластердің басқа да жоспарланған объектілерін өндіретін зауыттарды пайдалануға бере отырып, кәсіпорын 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ. Нәтижесінде елімізді – жоғары сапалы мата және тоқыма өнімдерімен қамтамасыз ету көзделген.