Басты бетЖаңалықтарТүркістан облысының...

Түркістан облысының туристік әлеуетін арттыру бағытындағы мәселелер талқыланды

Елімізде туризм индустриясы – экономиканың қарқынды дамып келе жатқан алдыңғы қатардағы салалардың бірі. Бұл тұрғыда Түркістан облысының құрылғанынан бастап туризм саласын дамыту сатысында да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осыған орай бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов облыстың туризм саласын дамыту бойынша жиналыс өткізді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Басқосуда бірқатар мәселелер айтылып, ұсыныстар тыңдалды. Қонақ үй бойынша қызмет сапасын дамыту, туроператор қызметін жетілдіру, гид, экскурсовод бағытындағы жұмыстардың сапасын арттыру, транспорт мәселесін реттеу жұмыстары талқыланды.

Қызмет көрсету саласындағы прогресс жаңа орталықтардың құрылысына, кәсіпкерлікке қолдау көрсетуге және қызмет көрсету мәдениетін көтеруге бағытталған жобаларға байланысты оң нәтиже беруде. Осы орайда, туризмді одан әрі дамыту, Түркістан облысына туристер ағынын арттыру жөнінде ұсыныстар өте маңызды. Халықаралық және ұлттық стандарттарды енгізу арқылы қонақүй қызметтерін жақсарту керек. Сондай-ақ, әкімдік тарапынан қолдау көрсетуге, гранттар қарастыруға дайынбыз, — деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.

Сонымен қатар бұл кездесу нақты ұсыныстар әзірлеу бойынша тиімді алаң болатындығына және Түркістан облысының туристік саласын дамытуға жаңа серпін береді деген сенім білдірді. Өңірдегі туристік қызмет саласындағы өзекті мәселелер нақтыланып, мүдделі органдарға тапсырылды.